Облыс чемпионаты: «Шығыс ақпарат» – қола жүлдегер
Өскеменде былтыр қараша айында басталған шағын футболдан әуесқой командалар арасындағы XIII облыс және қала чемпионаты аяқталып, қос лиганың үздіктері анықталды. Ең төменгі – үшінші лигада «Импульс» топ жарса, екінші лиганың чемпионы «Қойтас» болды.
Ең алдымен, бұл облыс біріншілігіне тұңғыш рет журналистерден жасақталған «Шығыс ақпарат» командасы қатысқанын айта кетейік. Ережеге сәйкес жарыстың дебютанттары чемпиондыққа таласты үшінші лигадан бастады. Төрт айға созылған теңбіл доп додасының нәтижесінде ұпай санымен суырылып алға шыққан үштік анықталып, марапатталды. Сонымен, үшінші лиганың чемпионы «Импульс» болды. Екінші орын Жарма ауданынан келген «Номад-Жарма» командасына бұйырды. Үздік үштікті журналистер командасы түйіндеді. Алғашқы екі орынның иегерлері келесі маусымнан бастап екінші лигада өнер көрсететін болса, «Шығыс ақпарат» үшін де мүмкіндік бар. Егер екінші лигада 10-шы орын алған командамен болатын матчта жеңіске жетсе, келесі маусымнан бастап БАҚ өкілдері де бір лигаға жоғарылайды.
Дәл осындай тәртіппен екінші лиганың чемпионы «Қойтас» пен күміс жүлдегер семейлік «Тұлпар» командалары да бірінші лигаға жолдама алды. Ал осы екі мықтыны өкшелеген «Каспийдің» жігіттері бірінші лигаға шығу үшін өтпелі матчта сүрінбеуі керек.
Сонымен, марапаттауға келсек. Жоғарыда екі лиганың жеңімпаз және жүлдегер ұжымдарын атап өттік. Енді жекелей аталымдар бойынша алқаланған ойыншыларға тоқталсақ. «Шығыс ақпарат» командасы сапында ойнап, 47 гол соққан Мұрагер Бердібек «Үздік сұрмерген» атанса, оның командаласы Әділхан Есімханов «Үздік қақпашы» аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ «Импульс» ойыншысы Ринат Галеев «Үздік қорғаушы», «Номад-Жарма» ойыншысы Сымбат Қажанов «Үздік шабуылшы» атанды.
Бірінші лиганың «Үздік сұрмергені» атағын 45 голдың авторы «қойтастық» Еркебұлан Еріков иеленді. «Тұлпар» сапындағы Ерлан Иманқұлов «Үздік шабуылшы», «Қойтас» ойыншысы Дәурен Әлімбек «Үздік қорғаушы», «Каспийдің» қақпашысы Александр Шимин «Үздік қақпашы» деп танылды.
– Лигага қатысып жатқан барлық команданың ойындары аяқталған соң, сәуірдің ортасына дейін үзіліс болады. Содан кейін жазғы маусымды бастаймыз. Яғни, футболдан және шағын футболдан облыс біріншілігі жалауын көтереді, – дейді облыстық футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Адылханов.
Әділхан Есімханов,
Өскемен.