Еріктілер айтулы іс-шараларға ерекше көмек көрсетпек
2020 жыл – еріктілер жылы деп жарияланғаны белгілі. Сондай-ақ, биыл Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы сынды айтулы мерейтойлар аталып өтіледі. Осы орайда еріктілер барлық іс-шараларға ерекше көмек көрсетпек. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиын барысында айтылды.
- Айтулы мерекелік шараларды ұйымдастыруымыздағы басты мақсат – ой биігіне шыққан ұлы тұлғаларымыздың шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі қылу. Абай өлеңдері мен қара сөздері бізге несімен қымбат, әл-Фарабидің ғылыми трактаттары адамға не үйретпек? Қоғамдық-мәдени шараларда осы сұрақтарға жауап іздеуіміз тиіс. Үстірт баяндап шықпай, өмірі мен шығармашылығына тереңірек үңілуіміз қажет. Алдымен өзімізді өзіміз танып алайық. Осындай ұлы тұлғаларды әлемге сыйлаған біздің қазақ халқының бай тарихын зерделейік. Биыл Қазақ Ордасының құрылуына 555 жыл толыпты, Алтын Орда мемлекетіне 750 жыл, бұның бәрі де біз үшін мереке. Барлық кітапханаларда дарынды жастардың арқасында қала тұрғындарын қызықтырар әсем әдеби кештер ұйымдастырамыз. Абайдың туған жері – Жидебайға жол тартамыз деп жоспарлап отырмыз, осы орайда еріктілердің көп көмегі тимек. Қазіргі жастардың белсенділігі айрықша қуантады, - деді қала әкімінің орынбасары Эльдар Төлеубекұлы.
Оның айтуынша, қала әкімінің бастамасымен еріктілер штабы ашылған. Белсенді жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Еңбегі сіңген еріктілерді тоқсан сайын және жыл аяғында әр түрлі номинациялар бойынша марапаттау жоспарланып отыр.
Әділ Әуезхан