«Сенің махаббатың». Өскеменде өзгеше поэзиялық кеш өтті
Өскеменде «Сенің махаббатың» атты кеш өтті. Ұйымдастырушы – облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы. Поэзия кеші ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орайластырылған.
Облыс орталығының тұрғындары алдымен халық жазушысының ғұмырбаянынан сыр шертетін қысқа метражды деректі фильмді тамашалады. Көрермен демекші, кештің көркі жастар болды. Шараға жиналғандардың көпшілігі – студенттер, бозбала-бойжеткендер. Қара жерді басып жүргенде жас буынға қомқар болып өткен ақынның шығармалары жас жүректерге жақын екені анық көрінді. Сонымен қабат өнерпаздар да кілең жастар. Тіпті оқуын тәмамдап үлгермеген студенттер. Алайда олар сахнада шыныққан, шыңдалған кәсіби мамандай батыл, көрнекі қимылдады. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Шабыт» студенттер театрының өнерпаздары туралы айтып отырмыз. Ақынның жырларын теңдесіз тебіреніспен оқыды. Көңілге қондырып, жүрекке жеткізіп айтты. Ең қызығы кеш бойы өлең оқылды, бір сәт үзілмеді. Көрермен көпшілік Фариза Оңғарсынованың ана тіліндегі өлеңдерімен ғана емес, айшықты аудармаларымен де сусындады.
Шараның соңында Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақытжан Раисова жастармен «Фариза қыз» туралы әсерлі әңгіме өрбітті.
– Поэзия кеші маған ұнады. Ерекше әсер алдым. Фариза Оңғарсынованың шығармашылығымен жақын танысудың сәті түсті. Мен орыс мектебінде оқығандықтан, осы уақытқа дейін мұндай мүмкіндік болмады. Ақынның туындыларын кітапханалардан тауып, таусып оқитыныма сене беріңіз, – дейді Фатима есімді оқушы қыз.