Риддердегі құрылыс: 380 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды
300 орындық Республикалық мамандандырылған олимпиада мектебінің құрылысы Риддерде жүріп жатқан.
Кеше ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарларын ұстады.
Олар бюджет қаражатының 380,8 млн теңгесін жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Бұл ақша қазір Риддер қаласында салынып жатқан Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-олимпиадалық резервтік колледжге жұмсалуы тиіс болған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ақшаны жұмысты орындамаған мердігердің есепшотына заңсыз аударғанын айтты. Бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша күдіктілер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы негізінде ұсталып, Өскемен қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
- Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың біріне қатысты сот екі ай мерзімге "қамауға алу" шарасын қолданды. Тергеуге байланысты басқа ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті.