Әзірге «Торпедоның» аяқ алысы жақсы деп айтуға келмейді. Тоғызыншы орында тұр
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионаты бел ортасына таяп қалды. Әзірге «Торпедоның» аяқ алысы жақсы деп айтуға келмейді. Өскемендік ұжым 25 турдан кейін небары тоғызыншы орында тұр.
Соңғы турда өз айдынында жарыс кестесінің төменгі жағында орналасқан Ор қаласының «Южный Урал» командасын қабылдаған жерлестеріміз 3:2 есебімен әупірімдеп жүріп жеңіске жетті.
Естеріңізге салайық, осыған дейін торпедолықтар төрт ойынның үшеуінде қарсыластарына жол беріп, алтыншы орыннан оныншы сатыға бірақ сырғыған болатын. «Южный Уралмен» өткен кездесуде де Алексей Ждахин шәкірттері ұпай жоғалтудың аз-ақ алдында тұрған. Тек қосалқы құрамнан ауысып келген 19 жастағы қазақстандық қақпашы Владислав Нуректің шеберлігінің арқасында ғана «Торпедо» маңызды үш ұпайға қол жеткізе алды.
Кездесудің өзіне келер болсақ, матчтағы есепті қонақтар ашты. Алайда айдын иелері бұған тоғыз минуттың ішінде соғылған үш шайбамен жауап берді. Ал соңғы жиырмаминуттықта «Торпедо» қақпасына тағы бір шайба енді. Қорытынды есеп 3:2. Бұл ойында біздің команда сапында қорғаушы Андрей Виноградов пен шабуылшылар Никита Сироткин және Евгений Рымарев көзге түскенін айту керек.
Қазір қоржынында 30 ұпайы бар өскемендік ұжым келесі кездесуін челябілік «Челметпен» өткізеді. Бұл ойын ертең, 20 қараша күні Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайында ойналады. Басталуы кешкі сағат 18:30-да.