«Торпедоның» ойыны ала-құла
«Торпедо» ала-құла ойнауын жалғастыруда. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының кезекті, 26-ші турында өз айдынында Челябінің «Челметімен» шеберлік байқасқан өскемендік ұжым 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл – жерлестеріміздің жаңа маусымдағы 13-ші жеңілісі екенін айта кету керек. Еске салайық, осыған дейін торпедолықтар бес ойынның үшеуінде қарсыластарына жол беріп, алтыншы орыннан оныншы сатыға түсіп қалған болатын.
Ал «Челметпен» өткен матчты ширақ бастаған айдын иелері бірден ойын тізгінін өз қолдарына алып, қонақтар қақпасына бірнеше рет қауіп төндірген-ді. Оның бірі нәтижелі болды. Шайба шабуылшы Никита Сироткиннің еншісінде.
Алайда, үзіліске дейін челябілік хоккейшілер таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шығып үлгерді. Бұған «Торпедо» тағы да сол Сироткиннің шайбасымен жауап берді. 2:2.
Соңғы кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасына оқтын-оқтын шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Ал кездесу соңындағы буллиттер сериясында қонақтардың асығы алшысынан түсті. Қорытынды есеп 2:3 «Челмет» пайдасына.
Осы жеңілісінен кейін 31 ұпай жинаған «Торпедо» турнир кестесінің тоғызыншы орнында орналасуда. Алдағы жексенбі күні жерлестеріміз Қорған қаласында жергілікті «Зауральемен» кездесуі тиіс.