KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
485.11 523.82 5.02

«Алтай» келер жылы да Премьер-лигада өнер көрсетпейді

4.11.2019, 08:27 158

«Алтай» келер жылы да Премьер-лигада өнер көрсетпейді. Семейлік ұжым футболдан бірінші лига командалары арасындағы биылғы ел чемпионатының соңғы турында «Екібастұзбен» тең ойнап, қолда тұрған үшінші орыннан айырылып қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Осылайша, жерлестеріміз жоғарғы дивизионға берілетін жолдамадан кезекті рет қағылды.

Ел чемпионатының соңғы турында қонақта дені 1997-99 жылдарғы жас футболшылардан тұратын «Екібастұздан» айласын асыра алмаған «Алтай» алдына Оралдың «Ақжайығын» жіберіп, өзі төртінші орында қалып қойды. Ойын алдында біздің футболшыларға турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалу үшін міндетті түрде жеңіс керек болатын. Өйткені, «Алтай» төртінші орында орналасқан «Ақжайықтан» ұпай емес (екеуінде де 52 ұпайдан болған), доп айырмасы жағынан ғана алда тұрған-ды. Алайда, жерлестеріміз мыңдаған жанкүйерінің бұл үмітін де ақтай алмады. Аталған кездесуде қарсыластар бір-бір мәрте пенальтиден мүлт кеткенін де айтқан абзал. «Алтай» сапында 11 метрлік айып добын жартылай қорғаушы Сергей Дудкин сәтсіз орындады. Қорытынды есеп 0:0!

Есесіне, соңғы турда қарсыласынан (елордалық «Астана-Ж») 5:1 есебімен басым түскен оралдық «Ақжайық» енді іріктеу ойындарына қатысатып, Премьер-лигаға берілетін жолдама үшін таласатын болады.

Ал биылғы чемпионаттың қорытындысы бойынша бірінші және екінші орындарға ие болған петропавлдық «Қызылжар» мен ақтаулық «Каспий» командалары келесі маусымды жоғары дивизионда бастамақ.

«Алтайға» келер болсақ, былтырғыдай Премьер-лига жолдамасынан соңғы сәтте айырылып қалған Сергей Тимофеевтің шәкірттері алдағы жылы биылғыдан тәуір нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантады деп үміттенеміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив