Ольга Рыпакова: – Бұл жеңіс маған ерекше күш-қуат берді
«Бұл жеңіс маған ерекше қүш-қуат бергендей. Алдағы жаттығуларға зор ынтамен кірісуге дайынмын». Өскеменге кезекті додасынан олжалы оралған Ольга Рыпакова журналистерге берген сұхбатында осылай деп ағынан жарылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Еске салайық, даңқты жеңілатлет осыдан бірер күн бұрын Қытайдың Ухань қаласында мәресіне жеткен VII бүкіләлемдік әскерилер ойындарының чемпионы атанған. Байрақты бәсекеде үш қарғып секіру сайысына қатысқан Ольга Рыпакова 14,19 метрге тең нәтиже көрсетіп, ел құрамасының қоржынына алтын медаль салды. Жерлесімізді айтулы жеңісімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметов те құттықтады.
– Бүкіләлемдік әскерилер ойындарына бірінші рет қатыстым. Шынымды айтсам, алғашқыда әскери қызметкерлер арасындағы ойындар дәл осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп ойламаған едім. Алайда, жарыс иелері мені таңғалдырды. Дода ұйымдастырылып, өткізілуі жағынан өзім қатысқан Олимпиадалардың ешқайсысынан да кем түскен жоқ. Жарыста жеңіл атлетикадан ел намысын қорғаған жалғыз қазақстандық спортшы болдым. Бұл да зор жауапкершілік жүктеді. Қарсыластарым да осал емес екен. Алайда, бәрі ойдағыдай болды. Құдайға шүкір, отандастарымның үмітін ақтап, ел қоржынына алтын жүлде салдым. Енді сәл тынығамын да алдағы жарыстарға дайындықты бастаймын. Тезірек жарыс жолына оралғым келеді, – деген Лондон Олимпиадасының чемпионы әрдайым қолдауын аямайтын жерлестері мен туған-туыстарына алғысы шексіз екінін де жеткізді.
Осы ретте, сол 2012 жылғы додада Рыпакова 14,98 метрге секіргенін айта кеткен абзал. Ал оның ең үздік көрсеткіші 15,25 метрге тең екен. Бұл нәтиже 2010 жылы Хорватияның Сплит қаласында өткен халықаралық жарыста тіркелген-ді.
Айта кетейік, бұл күні әуежайға чемпионды қарсы алуға облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы мен жас спортшылар да келіп, даңқты жеңілатлетке лайықты құрмет көрсетті.
Еске салайық, Ольга Рыпакова Қорғаныс министрлігінің орталық әскери спорт клубы қатарында 2006 жылдан бері өнер көрсетуде. 34 жастағы өскемендік спортшы майор шеніне ие.