Ольга Рыпакова VII бүкіләлемдік әскерилер ойындарының чемпионы атанды
Olympic.kz сайты хабарлағандай, Қытайдың Ухань қаласында өткен жарыста шығысқазақстандық жеңілатлет үш қарғып секіру сайысына қатысқан-ды.
Жерлесіміздің нәтижесі 14,19 метрге тең болды. Бұл – додаға қатысушылар көрсеткен үздік нәтиже.
Жарыс қорытындысы бойынша екінші орынға 13,78 метрді бағындырған италиялық Оттавия Честонаро көтерілсе, үздік үштікті 13,54 метрге қарғыған Доминикан Республикасының өкілі Анна Хосе Тима түйіндеді.
Еске салайық, Ольга Рыпакова Қорғаныс министрлігінің орталық әскери спорт клубы қатарында 2006 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Өскемендік спортшы майор шеніне ие.
Айта кетер жайт, жаһандық әскерилер ойындары – Бүкіләлемдік әскери спорт кеңесінің (CISM) мұрындық болуымен төрт жылда бір өкізілетін байрақты бәсеке. Доданың ең алғашқысы 1995 жылы Рим қаласында өткен-ді.