«Торпедо» Татарстаннан құр қол қайтты
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 17-ші турында Татарстанның Альметьевск қаласында жергілікті «Нефтяникпен» кездескен «Торпедо» қарсыласына 1:3 есебімен жол берді.
Айта кетейік, бұл – жерлестеріміздің жаңа маусымдағы сегізінші жеңілісі. Матчтың өзіне келер болсақ, кездесуді ширақ бастаған айдын иелері бірден ойын тізгінін өз қолдарына алып, «Торпедо» қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Ал екінші жиырмаминуттықта бірден екі шайба соғылды. Татарстандық команданың ойыншысы Станислав Альшевскийдің шайбасына «Торпедо» Александр Тарасовтың дәл соққысымен жауап берді.
Алайда, үшінші кезеңде сәттілік «Нефтяникке» көбірек жолдас болды. Өскемендік команда қақпасынан тағы екі мәрте саңылау тапқан айдын иелері осылайша маңызды екі ұпайға қол жеткізді.
Ал қатарынан үш ойында жеңіске жеткен торпедолықтар бұл жолы ұпайға ие бола алмады.
Қазір турнир кестесінің алтыншы орнында тұрған «Торпедо» келесі кездесуін Башқұртстанның Нефтекамск қаласында жергілікті «Тороспен» өткізеді. Бұл ойын ертең 26 қазан күні ойналады.