Қазақстанның мұнайы Белоруссияға тасымалданады
Минск пен Нұр-Сұлтан Белоруссияға қазақ мұнайын жеткізуге байланысты келісімшартқа қазан айында қол қоюы мүмкін, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі БелТаға сілтеме жасап.
Бұл туралы Минскідегі Қазақстан елшісі Асқар Бейсенбаев мәлімдеді.
– Белоруссия президенті ресми іс-сапармен Қазақстанға барғанға дейін келісімшартқа қол қойылады деп үміттенеміз, – деп жауап берді А.Бейсенбаев тілшілер сұрағына.
Елші мырзаның айтуынша, келіссөздерді Қазақстан Энергетика министрлігі мен белоруссиялық «Белнефтехим» концерні жүргізуде.
Ал EADaily-дің мәлімдеуінше, Белорусь басшылығы жергілікті мұнай өндіруші зауыттардың Ресей шикізатына тәуелділігін төмендету үшін республикаға мұнай тартуды әртараптандыруға мүдделі. Мамыр айында Александр Лукашенко Қазақстанның бұрынғы елшісі Ермұхамет Ертісбаевқа Қазақстан мұнайын Белоруссияға жеткізу туралы келіссөздерді жандандыруы керек екенін айтқан болатын. Елші Ертісбаев еліміздің беларустықтарға «қара алтын» беруге дайын екенін, бірақ ол үшін Ресеймен транзит мәселесін бір жақты ету қажет екенін мәлімдеген еді.