Семейде шомылу маусымында суға кеткендердің барлығы ер азамат
Семей Төтенше жағдайлар басқармасы шомылу маусымының қорытынды есебін берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Семей маңайында 17 су қоймасы бар. Ең қауіптісі – Ертіс. Биыл онда 8 адам суға кетіп, көз жұмған.
Құтқарушылар сөзінше, олардың бірі бала. Бесеуі – 26-45 жас, екеуі 46-63 жас аралығында. Бір қызығы, суға кеткендердің бәрі де ерлер екен. Барлығы рұқсат етілмеген жерлерде батып кеткен.
- Суға кетудің негізгі екі себебі - ащы су ішу мен өз күшін асыра бағалау, - деді құтқарушы.
Айта кетейік, осы маусымда Шығыс аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағы 9 адамды құтқарып қалған екен.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті биыл облыстық білім, туризм, спорт басқармаларымен бірлесіп, бала өмірін қауіптен сақтау мақсатында, 1821 балаға суға жүзуді үйреткен болатын.