ШҚО-да ауыл әкімі 11 жастағы балақайды өрттен аман алып шықты
Малоубинка ауылдық округінің басшысы өрт сөндірушілер жеткенше, жанып жатқан үйден 11 жасар қызды алып шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
ШҚО ТЖД ақпараты бойынша, бірнеше күн бұрын Глубокое ауданының Секисовка ауылында түн ішінде өрт шыққан.
Өрт сөндірушілер жеттім дегенше, жалын үйді тұтас шарпып үлгерген екен. Өрттің жалпы аумағы 70 шаршы метрді құрады.
Үй отқа оранған кезде, 11 жастағы қыз бала бөлмеде қалып қойған. Әжесі үйге кіре алмаған. Осы кезде Сергей Сомов көмекке келді – деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.
Сергей еш ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, есінен танып қалған бүлдіршін сыртқа алып шыққан екен. Балақайдың әжесі де қатты уланған. ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта зардап шегушілердің жағдайы тұрақталды.
Осы орайда айта кетейік, Секисовка ауылының тұрғыны Сергей Сомов көрші Малоубинка ауылдық округінің әкімі болып жұмыс істейді.