Өскемен: 74 жастағы тұрғынды өрттен аман алып шықты
Өскеменде оқиға куәгері өртеніп жатқан үйден 74 жастағы тұрғынды алып шықты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «құтқарушыны» іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, Бажов көшесінде жер үй өртенген.
– Өрт тұтанған кезде үй иесі, 1948 жылғы әйел адам, ұйықтап жатқан. Төтенше жағдайға кездейсоқ тап болған азамат жанып жатқан үйге кіріп, үй иесін терезе арқылы сыртқа алып шыққан, – деп мәлімдеді баспасөз қызметінің өкілдері.
Өрт сөндірушілер 80 шаршы метр аумақты шарпыған жалынның бетін қайтарды.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бейбіт күннің батырынан мына номерге хабарласуды сұрайды: 8 777 977 21 21.