Семейлік жас спортшылар Әлем чемпиондарымен кездесті
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы Мерей Ақшалов пен кикбоксингтен еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Әлемнің екі дүркін чемпионы Нұрболат Рысмағамбетов Семей спорт академиясының оқушыларымен жүздесті. Бұл туралы спорт академиясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездеу барысында оқушылар чемпиондарға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, емен-жарқын әңгіме құрды. Мәселен, жерлесіміз Мерей Ақшаловқа оның боксқа келуі, Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатындағы ақтық айқас пен «Астана арландары» сапындағы жекпе-жектері жайында сұрақтар қойылды.
– Бүгінде біздің спортшыларға Әлемнің кез келген жерінде өтетін жарысқа баруға мүмкіндік бар. Оған мемлекет жағдай жасап отыр. Жыл сайын спорт мектептерінің материалдық-техникалық базалары жаңаруда. Оған бүгін кездесу өтіп отырған Семей спорт академиясы дәлел бола алады. Ал спортты жанына серік еткен іні-қарындастарыма айтарым, жеңіске жетудің бір-ақ жолы бар – жаныңды салып жаттығу қажет, – деді Мерей Ақшалов.
Кездесуден кейін Семей спорт академиясының директоры Мерей Көшкінов қонақтарды чемпиондар ұстаханасының жұмысымен таныстырып, 200 балаға арналған жатақхананы, күрес залдарын, заманауи медициналық құралдар мен спорттық жабдықтарды көрсетті.