KZ
Өскемен
-11°
туман Штиль
497.26 525.21 4.97

ШҚО әкімі Семей тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады

29.05.2019, 10:26 133

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Семей қаласына барып, жергілікті халықпен жүздесті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Аймақ басшысы айналасы бірнеше сағаттың ішінде 100 шақты қала тұрғынын қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Көпшілік қауым әсіресе жұмыстың жоқтығын және инженерлік инфрақұрылымның кемшін тұстарын айтып, шағымданды. Даниал Кенжетайұлына ең көп сауал қойған көпбалалы аналар болды. Осы орайда айта кетейік, Семейде көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 1200 отбасы бар.

Көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Сүлейменованың айтуынша, аталмыш санаттағы отбасылардың барлығы облыс және қала билігінің арқасында атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Дегенмен баспанамен қамтамасыз ету мәселесе көп отбасы үшін шешілмеген түйін болып келе жатқанын атап өтті бірлестік жетекшісі.

– Қазіргі уақытта қаламызда 600-ден астам отбасы баспанаға мұқтаж. Биліктің қолдауымен 46 отбасы пәтерлі болды. Аталмыш санаттағы азаматтар үшін таяу күндері тағы 200 пәтер бөлінетіні қуантып отыр. Біз өз тарапымыздан көпбалалы отбасылардың сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерге қол жеткізуі үшін өтініш береміз, – деді Анар Сүлейменова.

Кездесу барысында аналар мен балалардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруі туралы ұсыныс айтылды. Аймақ басшысы ұсынысты қолдап, бұл мәселе жақын арада шешіледі деп сеніммен айтты.
Даниал Ахметов тұрғындардың жоғарыда аталған және өзге мәселелерін шешуді өз орынбасарлары мен қала әкімі Ермак Сәлімовке тапсырды.

– Еліміздің жарқын болашағына үлес қосар азаматтарды тәрбиелеп отырған ата-аналар әрқашан біздің қолдауымызды сезінуі тиіс, – деп түйіндеді Д.Ахметов.

Он баланың әкесі Сергей Куликов жұбайымен бірге жұмсақ жиһаз жасаумен айналысады. Отағасы отбасылық бизнесін одан әрі дамыту үшін аймақ басшысынан жүк көлігін алуына қолдау көрсетуін сұрады. Көпбалалы ата-атаның аталмыш мәселесін «СемАз» ЖШС және «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-ның бас директоры Әсемхан Дускужанов шешіп беруге уәде етті. Кәсіпорындардың басшысы Сергейдің жүк көлігін жеңілдікпен алуына жәрдем беретінін айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу