Аллегри «Ювентустан» кетті. Италиялық БАҚ ол Қазақстан құрамасын жаттықтырады деген ақпарат таратты
Массимилиано Аллегри «Ювентустың» бас бапкері қызметінен кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Vesti.kz жазып жатыр.
Аллегри «Ювентусты» 2014 жылдан бері басқарып, чемпионатты бес рет, Италия Кубогын төрт рет жеңіп, Чемпиондар Лигасының финалына екі рет жетті.
18 мамырда баспасөз конференциясы жоспарланған. Ол жерде клубтың жаттықтырушысы мен директорлар кеңесінің төрағасы Андреа Аньелли журналистердің сұрақтарына жауап береді.
Дереккөздің ақпаратына сүйенсек, осы орайда италиялық БАҚ Массимилиано Аллегри Қазақстан құрамасын жаттықтырады деген ақпарат таратқан.
Алайда Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
– Қазақстан футбол федерациясының басшылығы Юрий Красножанға толықтай сенеді. Массимилиано Аллегриге келетін болсақ, онымен қазақстандық өзге де клубтар келіссөз жүргізген болар, бәлкім. Ал италиялық БАҚ осы ақпаратты түбегейлі түсінбей, жалған ақпарат таратып жіберген шығар, – деп мәлімдеді ҚФФ баспасөз қызметінің маманы Ербол Қайыров.