Өскемендіктер аялдамадан мәйіт тауып алды
Өскемен қаласының тұрғындары аялдамадан ер адамның денесін тауып алды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– «Шәкәрім» трамвай аялдамасында әлдебір жігіттің сұлап жатқанын көрдім... Айналасында шамамен жеті адам тұрды. Олар байғұс жігіттің түріне кейде үңіліп қарап қояды. Мен «жедел жәрдемнің» келе жатқанын көріп, таяп бардым. Дәрігерлер жігітің өліп қалғанын айтты. Осы күйінде аялдамада біраз уақыт жатқан сияқты. Мен адамдардың сонша неқұрайлылығына қайран қалдым. Қорқынышты! – деп жазды куәгерлердің бірі әлеуметтік желіде.
Полиция мәліметтеріне сәйкес, оқиға 15 мамыр күні сағат 16.20 шамасында болған.
– Полиция қаза тапқан адамның жеке тұлғасын анықтады. Бұл 1979 жылы туған қала тұрғыны. Ер адамның денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері жоқ, – деп түсініктеме берді Өскемен қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары қажетті сараптамалар жасалғаннан кейін, ер азаматтың қайтыс болу себебін анықтайды.