"Қажет болса тағы 100 млн бөлеміз" Даниал Ахметов Курчатовтың көшелері туралы
Курчатовтың өз коммуналдық қызметі болуы керек. Бұл туралы бүгін шаһарға жасаған сапары барысында облыс əкімі Даниал Ахметов мəлім етті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кетейік, бүгінде Курчатов қаласының өз коммуналдық қызметі жоқ. Жоспар бойынша бұл жұмысты бизнес атқаруы тиіс болатын. Алайда кəсіпкерлер шаһарды абаттандыруға құлықсыздық танытуда. Нəтижесінде соңғы екі жылда абаттандыруға қатысты өткізілген тендерлерді ешкім ұтпаған. Аймақ басшысы бұған нүкте қоятын кез келгенін айтты.
- Жылына төрт тендерге дейін өткізіледі екен, бірақ біде-бірі аяғына дейін жетпейді. Өкінішке қарай, бизнес абаттандыру жұмыстарын жүргізуге құлықсыз. Сол себепті, қалада коммуналдық қызмет құру жағын ойластыруымыз қажет. Курчатов бүгінгі тоз-тозы шыққан қала кейпінен арылуы тиіс, - деді облыс əкімі.
Аймақ басшысы "физик-ядерщиктер" қаласын аралау барысында көшелер мен аулалардың абаттандырылуын қатты сынға алды. Оның айтуынша, шаһар Ұлттық яролық орталық пен бұрынғы Семей полигонының жақын орналасуына байланысты зор туристік əлеуетке ие. Сол себепті, қаланың қақ ортасындағы қоқыс үйінділерінен тезірек арылу қажет.
- Қалалық əкімдік мамандары биыл Курчатовтағы 32 ауланың 15-ін қалпына келтіру жоспарланғанын айтты. Бұл мақсатқа шамамен 100 миллион теңге жұмсалмақ екен. Менің ойымша мұндай жұмысты барлық аулада жүргізу керек. Қажет болса, тағы 100 миллион теңге бөлеміз. Тек аулаларды тезірек жөнге келтіріңіздер. Қажет болса, облыс орталығынан қосымша жұмыс күшін жіберуге дайынбыз, - деген аймақ басшысы сапары барысында Курчатовта төрт жыл бойы қаңырап, бос тұрған 64 пəтерлік тұрғын үйді жөндеу жұмыстарымен танысты.
- Бұл үйдің пəтерлері бірінші кезекте мұғалімдер, дəрігерлер мен басқа да әлеуметтік сала мамандарына берілу керек. Бір ғана шарт, адамдар "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшылары болуы тиіс, - деген Даниал Ахметов қала басшысы Алексей Глазинскийге бұл жөнінде нақты тапсырмалар берді.