KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
476.27 515.47 5.41

Отбасылық дау жанжалды сот емес, медиатор шешеді

5.05.2019, 03:24 91

Өңірде еңбек даулары бойынша медиаторларға жүгінушілердің саны артып келеді. Себебі, тұрғындар күнделікті тұрмыстағы дау-жанжалды сот арқылы емес, керісінше, медиация арқылы шешуді әлдеқайда тиімді деп санайды.
Сондықтан да медиаторлар, судьялар және облыстық кәсіподақтардың аумақтық бірлестігінің өкілдері өңірдегі ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдарымен тақырыптық кездесулер өткізіп, татуластыру шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеді.

Сондай семинарлардың бірі биыл алғаш рет «Медиация еңбек дауларында және отбасылық жанжалда» тақырыбында Өскемендегі Ана мен бала орталығының ұжымында өтті. Мекеме қызметкерлеріне өз құқықтары жайлы айтылып, медиативті технологиялар, кішкентай емделушілердің ата-аналарымен келіссөздерді сауатты жүргізу жайында сабақтар жүргізілді. Жиында жемқорлық тәуекелдері де әңгіме арқауына айналды.

– Біздің мақсатымыз – келісім. Елбасы тапсырмасын орындай отырып, Жоғарғы Сотпен бірлесе екінші жыл қатарынан қоғамдағы дау-жанжалдарды төмендетуге жұмыс істеп келеміз. Еңбек ұжымдарымен кездесеміз, сараптама жасаймыз. Қай жерде жұмысшылардан көп талап-шағым түссе соларға барамыз. Өздеріңіз де білесіздер, егер адамның жұмысында барлығы дұрыс болса, құқығы сақталса, мүддесі қорғалса, онда ол адам ешқайда шағым түсірмейді. Тәжірибе жүзінен білетініміздей, кез келген дәрежедегі қызметкерлер арасында туындаған кішкентай жанжалдың өзі ұжымды бөліп жібереді. Ал бұл өз кезегінде жұмысқа кедергісін тигізеді, тұрақтылық пен психологиялық климат бұзылады. Бұдан бөлек жұмыстағы проблемалар отбасындағы тұрақтылыққа да әсер етеді.

Барлығы осылай тізбектеліп кете береді, – дейді «Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Татуласу орталығы» ұйымының жетекшісі, кәсіби медиатор Елизавета Абдрахманова.
Семинарда Өскемен қалалық сотының судьясы Шолпан Манжуева орталық қызметкерлерін мұндай істерді сотқа дейін шешудегі келісім комиссиясының рөлін көрсете отырып, жекелеген еңбек дауларын шешу тәжірибесімен таныстырды. Сондай-ақ ол жиналғандарға татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, қарама-қайшы көзқарасты реттеуге және тараптар арасындағы жанжалды азайтуға бағытталған «Еңбек дауларының алдын алу» қанатқақты жобасы жайлы толығырақ айтып берді.

Қазіргі уақытта жұмыс орындарында дау-жанжалдар жиі орын алады. Сондықтан біздің жұмысымыз өте өзекті болып отыр, – деп атап өтті Шолпан Манжуева.

Ағымдағы жылы аймақтағы кәсіпорындар ұжымдарымен осындай 22 кездесу өткізу жоспарланған екен. Алайда Елизавета Абдрахманова олардың саны жоспардағыдан әлдеқайда көбірек болатындығын айтады.

Кәсіби медиатордың айтқан ақпаратына сүйенсек, сауатты да білікті көмек алу үшін кез келген азамат кәсіподақтардың облыстық бірлестігіне, қалалық сот жанындағы құқықтық қызмет секторына, облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығындағы медиация кабинетіне, «Шаңырақ» татуластыру, «Құқық және альтернатива» медиация орталықтарына жүгіне алады. Барлық байланыс телефондары ғаламторда қолжетімді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив