Өскеменде тұңғыш рет шахматтан ел біріншілігі өтуде
Өскеменде тұңғыш рет шахматтан ел біріншілігі өтуде. Жастар жылына арналған байрақты бәсекеге жасы 20-ға дейінгі үстел ойынының шеберлері қатысуда.
Жалпы, биылғы додаға еліміздің 13 облысы мен қаласынан барлығы 100-ге жуық спортшы жиналған-ды. Олардың денін ел чемпиондары мен аймақтық біріншіліктердің жеңімпаздары құрады. Сондықтан сайыстар алғашқы күннен бастап тартысқа толы болды. Осы ретте жарысқа қатысушылар шахматтың классикалық, рапид және блиц деп аталатын түрлері бойынша өзара мықтыны анықтауда екенін айта кеткен орынды.
Өскемендегі «Алтай» аймақтық технопаркінде өткен спорттық шараның салтанатты тұсаукесерінде жарысқа қатысушыларды өңір басшылығы атынан облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев құттықтап, оларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Жарыстың ашылу салтанатында, сонымен қатар өңір спортының ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Құрметке ие болған сондай жандардың бірі шахмат өнеріне бар ғұмырын арнаған, қазірде шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүрген жоғары ұлттық санаттағы төреші Зинаида Ягунова болды.
Айта кетейік, 26 наурызға дейін жалғасатын доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдармен, дипломдармен, сондай-ақ ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Ал ел чемпиондары мен күміс медаль иегерлері алдағы Әлем және Азия біріншіліктеріне қатысу мүмкіндігіне ие болмақ.