KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
443.44 480.51 4.88

Риддер спортшылар шаһарына айналып келеді

15.03.2019, 06:04 247

Бұрыннан бәрімізге кеншілер қаласы ретінде кеңінен таныс Риддерді енді спортшылар шаһары деп атаса айыбы жоқ. Өндірісі өркендеген өлкеде енді бұқаралық спорт трендке айналыпты. Қыс бойы аяғына шаңғы байламаған, хоккей ойнамаған адам жоқ көрінеді мұнда.

 

Иә, Риддердің оған мүмкіндігі жетіп-ақ тұр. Полторанин сынды әлемдік деңгейдегі әйдік спортшыларды түлеткен қалада қысқы спортқа қызығушылық алабөтен. «Батыс Алтайдың бауырында дүниеге келген әр сәби қолына шаңғы таяғын ұстап туады» деп әзілдейді өздері.

 

Кәсіби һәм әуесқой спорттың көшін ілгері жөнелткен риддерлік атқамінерлер бұқараның да шет қалмауын ескеріпті. Ескеріпті де, әуелі өздері өнеге көрсетіпті. Қала әкімі бастап, орынбасарлары қостап, өзге де мемлекеттік қызметшілер белсене атсалысып жұртшылықпен бірге салауатты өмірге ден қойған. Қыс бойы әр жексенбі сайын қаладағы хоккей кортында жиналып, шайбалы хоккейден өзара сайыс өткізіп тұрады. Қар кетіп, жер қарайғанда футбол, жеңіл атлетика, велоспорт сынды спорт түрлеріне ауыспақ. Былайша айтқанда, қала тұрғындары спортпен жыл он екі ай айналысады.

 

– Қолда барды пайдалануымыз керек. Біздегідей мүмкіндік басқа өңірлерде жоқ. Тау шаңғысы базасының түр-түрі, хоккей қораптары, шаңғымен жүгіру алаңы, коньки тебетін мұз айдыны бәрі бар қалада. Тұрғындар да белсенді. Оны айтамыз, мемлекеттік қызметте жүрген әріптестеріміз де уақыт тауып, шаңғы тебуді, хоккей ойнауды жақсы әдетке айналдырып алды. Асыра айтқандық емес, алты ай қыста аяғына шаңғы байламаған мемлекеттік қызметші кемде-кем Риддерде. Айталық, былтыр қалада 160-тан астам спорттық шара өткізіліп, оған 17 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл жұмыстар келешекте де жалғасын таба береді, – дейді өзі де спорттан қара жаяу емес қала әкімінің орынбасары Данияр Дүйсембаев.

 

Сөзінің жаны бар. Биыл қыста әуесқой командалар арасында өткен қала кубогі үшін жарыс соған дәлел. Осымен үшінші жыл қатарынан Ботаникалық бақтың хоккей қорабында өткізіліп келе жатқан бәсекеде биыл бес команда бақ сынапты. Жүлдеге таласқан ұжымдар арасында «Казцинкмаш», Риддер тау-кен байыту кешені сынды жергілікті кәсіпорындардың, бюджеттік мекемелердің құрамалары болған. Спортқа әуес қала жұртының қызығушылығын тудырған жарыстың аса тартысты өткенін айтады куәгерлер.   

 

Қазір шаһарда бірнеше спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Олар: «Сокол» стадионы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, спорт модулі, екі суда жүзу бассейні, 17 спорт залы, 22 ашық спорт алаңы, төрт шаңғы базасы, екі ату алаңы, 16 хоккей корты мен мұз айдыны, бірнеше жаттығу залы.

 

Кеншілер қаласында бұқаралық спорттың дамуына серпін берген тағы бір нысан ол – балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіне қарасты жаңа спорт модулі. «Казцинк» ЖШС-нің демеушілігімен бой көтеріп, материалдық-техникалық базасы заманауи үлгіде жасақталған модульде бірнеше спорт түрінен жаттығулар өтеді.

 

– Жаңа нысан ашылғалы керегеміз кеңейіп қалды. Бұрын бізде спорттың жеті түрі қамтылса, былтырдан бері бұл сан жиырмадан асты. Соған сәйкес спортпен шұғылданатын балалардың да саны екі жарым есе өсті. Өскеменнен жаттықтырушылар шақыртылды. Материалдық базамыз жақсарып, бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі де ұлғайды. Ең бастысы спорттың бұқаралық сипаты артып келеді, – дейді балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Баяндин.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив