KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОБ
492.22 529.38 5.03

Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер кім?

2.03.2019, 15:10 546

Шығыс Қазақстан облысында көптеген ұлы тұлғалар дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы дәрігердің де біздің аймақтың топырағынан жаралған тұлға екенін көпшілік біле бермейді.

 

Әміре Дүрманұлы (Дүрмұхаммедұлы) Айтбақин есімді азамат туралы тарихи деректерді Катонқарағай ауданының тұрғыны,  аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялап отыр.

 

-Әміре Айтбақиннің суретін алғаш қаратайдан шыққан шежіре қарт - Бошай Кітапбаевтың Қабырға ауылының жанына қойған ескерткішінен көрген едім. Содан бұл адам кім, біздің өлкемізге қандай қатысы бар, бұл кісінің суретін Бошекең не себептен қойды екен деген сауалдар мазалай бастаған. Катонқарағайға жаңа аурухана салынған кезде Бошекең тағыда ол кісінің атын ауруханаға беру туралы ұсыныс көтерген еді. Содан бері көкейімдегі сұраққа жауап іздеп жүретінмін, енді осы сауалдардың жауабымен жинақтаған деректер негізінде көпшілікпен бөлісудің сәті келгендей, - деп жазады Дүйсен Бралинов.

 

Расымен, есімін ел аузынан жиі естімейміз екен. Бұл тұлға кім?

 

Әміре Айтбақин 1861 жылы Семей облысы Павлодар уезі Ақпеттау болысында дүниеге келген. Алғашында ауыл мектебінен хат танып, кейін Омск гимназиясында білім алады. Ал 1882 жылы Омск мұғалімдер семинариясын аяқтап, Омск әскери гимназиясына мұғалім етіп жіберіледі. 1883 жылдың 13 тамызында Дала генерал-губернаторының бұйрығымен оның кеңсесіне қазақ тілі бойынша тілмәш болып ауыстырылады.

 

Одан кейін Айтбақин онда Семей облыстық әскери губернаторының бұйрығымен Семей облыстық басқармасына татар тілі бойынша тілмәш болып ауысқан. 1886 жылдың 1 мамырынан бастап Қарқаралы уезінің басшысы Д.А.Враксиннің аға көмекшісі қызметіне тағайындалады. 1986-89 жылдар аралығында Әміре Айтбақиннің шенеунік ретінде тағы қызметі жоғарылап, бірнеше қызметтік шенге ие болған.

 

Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, әр түрлі лауазымдарда қызмет етіп жүрген тұлғаның дәрігерлікке бет бұруы туған халқына деген жанашырлығынан бастау алған екен. Ол заманда қазақтардың денсаулық жағдайы төмен болған, балалар көптеп шетінейтін. Бұл Әміренің жанына ерекше батқандықтан туған халқына көмек көрсету үшін 1889 жылы  Томск университетіне түсіп, студент атаныпты. Облыстық әкімшіліктегі беделді лауазымдағы қызметінен бас тартып, оқуға түскені халқына деген сүйіспеншілігінің белгісі еді.

 

1894 жылы оқуын үздік бітірген соң ол ғылыми жұмыспен айналысып, қымыздың пайдалы қасиеттерін зерттеген екен. Сол ғылыми еңбек бүгін де әлі өз маңыздылығын жоймаған.

 

Осылайша 35 жасында «лекарь» мамандығымен тәмамдап, Семей облысының Қарқаалы уезіне дәрігер етіп тағайындалады. Аз уақыт ішінде білгір маман ретінде танылған Әміре туралы түрлі басылымдарда ақпараттар жариялана бастапты.

 

«Қарқаралыда оның қабылдауында болған адамдардың әңгімелеуі бойынша ол өз уезіндегі қазақтар арасында өте беделді, әрі қазақтың арасынан шыққан жоғары білімді алғашқы дәрігер. Қазақтар оның қабылдауына көптеп келеді, себебі ол аурулармен тілмәшсіз қазақ тілінде сөйлеседі. Орыс дәрігерлеріне қазақтар тіл білмегендіктен аз келетін. Күнделікті оның үйінің жанынан сол уездің әр қиырынан келген салт аттылы жүздеген қазақтарды көруге болады, олар тек аурулары үшін ғана емес, әр түрлі өмірлік,отбасылық, тағы да басқа кеңестер алу үшін жиналады. Осы көріністен оның өз елі үшін, оларды еуропа мәдениетіне үйрету үшін таңдап алған жолының қиындығы мен шынайылығын көруге болады. Айтбақиннің өмірі үлгісінде қазақтар адамдарды туыстығы, байлығы үшін ғана емес, білімі үшін де бағалап, білімнің пайдасын нақты сезіне бастады,» - деп жазылған сол кездегі басылымдарда.

 

1896 жылы Әмірке Айтбақин отбасы жағдайына байланысты Павлодар уезіндегі 3-ші участок дәрігері болып ауысып, Қарқаралы уезіндегі 1-ші участок дәрігерлігін қатар алып жүреді. 1898 жылы Өскемен уезінің 3-ші участок дәрігерлігіне ауысады, сонымен қатар Зайсан уезінің 1-ші және 3-ші участоктарының дәрігерлік міндеттері қоса беріледі. 1902 жылы Әміре Айтбақинге Өскемен уезі Нарын болысында орыс-қазақ мектебін ашуға ықпал еткені үшін губернатордың алғысы жарияланған екен.

 

Губернатордың бұйрығымен 1905 жылдың 8 сәуірінен бастап Ә.Айтбақин және оның амбулаториясы Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына көшіріледі. Бұл жерде ол Зайсан уезінің 2-ші участогының меңгерушілігін қатар атқарады. Катонқарағайдағы амбулаторияда екі адам қызмет атқарады дәрігер – Әміре Айтбақин және фельдшер – Игілік Базаров. Амбулаториямен қатар дәріхана да ашылып, Өскемен және Семей қалаларынан әкелінген дәрілермен қамтамасыз етіледі. Кейбір дәрілерді Әміре Катонқарағайдың емдік шөптерін пайдаланып, өзі әзірлеген.

 

Катонқарағайда да Айтбақинның қабылдауына осы маңдағы ауыл халқы келіп емделеді. Әміре Катонқарағайда 1917 жылдың соңына дейін еңбек етіпті.

 

Күрделі революция кезеңінде, яғни, 1917-1919 жылдардағы Әміре Айтбақинның өмірі Өскемен қаласында өтеді, онда ол ауыспалы үкімет кезінде әр түрлі қызметтер атқарады. Қазақтан шыққан алғашқы дәрігер осы қалада 1919 жылы қайтыс болған екен.

 

Деректер мен фотосуреттер Дүйсен Бралиновтің facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив