Жыл қорытындысы: ШҚО-ның әр саладағы жетістіктері
Тарих қойнауына еніп бара жатқан биылғы Барыс жылы еліміз үшін күтпеген оқиғаларға толы болды. Жылдың басы мұқым республиканы дүр сілкінткен қасіретті Қаңтар оқиғасымен басталып, тәуелсіз Қазақ елінің шежіресіне қанды ізін қалдырды. Бірақ бұл оқиға мемлекетімізде үлкен-үлкен өзгерістерге жол ашып, ақсап жатқан әр салада ауқымды реформаларды шұғыл қолға алуға түрткі болды. Жылдар бойы сіресіп жатқан тоң жібіді, сең қозғалды.
Халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономикалық дамуды көздеген Президент бастамаларын Шығыс жұртшылығы да қызу қолдап, өңірімізде іргелі жобалар іске асырыла бастады, деп хабарлайды Altaynews.kz.
ӨНЕРКӘСІП
Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ірі өнеркәсіптік көшбасшылардың бірі. Облыс қорғасын, мырыш, алтын, күміс өндірістерінің көлемі бойынша жетекші орында.
Мұнда АЭС үшін жылына 200 тонна уран өндіретін жылу бөлгіш құрамалар өндірісі орналасқан. Биыл аталған өндіріс ядролық саланың сертификатталған жеткізушісі мәртебесін алып, 46 млрд теңгенің өнімін шығарды. Осының нәтижесінде Қазақстан жоғары технологиялы отын шығаратын санаулы елдердің қатарына еніп, мемлекеттің халықаралық деңгейдегі мәртебесі көтерілді.
Таяу уақытта облыста аса маңызды, болашағы бар бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Тарбағатай ауданында жылына 25 млн тонна мыс кенін өндіретін тау-кен байыту комбинаты және жылына 300 мың текше метр ағаш плиталарын шығаратын ірі зауыт іске қосылмақ. Шығарылған өнімдер шетелге экспортталады.
Серебрянка қаласының тұрғындары жергілікті бейорганикалық заттар өндірісі зауытының қайтадан іске қосылатын күнін асыға күтіп отыр. Қайта жұмыс істейтін кәсіпорын бір кездегідей қала құраушы өндіріс болып жатса, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі осында тұрақты жұмыспен қамтылуы мүмкін.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Кейінгі жылдары агроөнеркәсіп саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Шығыс өңірі төрт түліктің санын арттырып, ет пен сүт өндіру көлемін ұлғайтты.
Шығысқазақстандық диқандардың майлы дақылдарды көптеп өсіруі дақылдың осы түрін қайта өңдеу саласына жіті назар аудару қажеттігін туындатты. Осыған орай, биыл облыста жылына 300 мың тонна күнбағыс майын шығаратын жаңа май зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 50 мың тонна күнбағыс майын өндіре алатын тағы бір зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл өсімдік майының экспортын үш есеге арттырып, тауар жеткізу сомасын 90 миллион долларға жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар облыстағы агроөнеркәсіп кешені саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар да жұмыс қуатын еселеуге ден қойып отыр. Атап айтсақ, осы жылы «Восток-Молоко» кәсіпорны ірімшік шығару цехын кеңейтіп, «Өскемен құс фабрикасы» бройлер өндірісінің көлемін ұлғайтты.
Ұлан ауданында селекциялық-генетикалық алаңы және тауарлы фермасы бар әрі қоспажем дайындаумен айналысатын ет өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жоспар бойынша 2025 жылы толық жұмыс қуатына шығатын бұл кәсіпорын 150-200 миллион доллар көлемдегі өнімдерін Қытайға және оңтүстік-шығыс Азия елдеріне экспорттауды көздеп отыр.
Оған қоса жақын арада жылына 120 млн жұмыртқа өндіретін жаңа құс фабрикасы іске қосылады.
Өңірде аквафермалар санының көбеюі және олардың өнімдеріне деген сұраныстың өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артуы балық өндірісін 480 тоннадан 1297 тоннаға дейін ұлғайтты. Бұдан бөлек облыста 2030 жылға дейін балық өндірісін 20 есе арттырып, ауланатын балық көлемін жылына 10 мың тоннаға жеткізу міндеті қойылды.
КӘСІПКЕРЛІК
Шығыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті қолдау деңгейі өте жоғары. Өңір тұрғындары мемлекеттік бағдарламалармен белсене танысып, осы бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып кәсіптерін ашып жатыр.
Аймақта шағын бизнесті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бойынша жалпы сомасы 24 млрд теңге болатын мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Тағы да 8 млрд теңгеден астам қаржы кәсіпкерлер несиесінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға, кепілдік беруге, гранттар бөлуге және нысандарға инфрақұрылымдар тартуға бөлінді. Кәсіпкерлікті дамытуға көрсетіліп жатқан мұндай нақты қолдаулар бюджеттік төлемдерді 120 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.
ТУРИЗМ
Шығыс Қазақстанның тұрғындары да, қонақтары да аймақтың керемет табиғаты мен сұлулығына ерекше таңғалып, тамсанады. Бұлқынған Бұқтырма су қоймасы, тылсым құпияға толы жұмбақ Мұзтау, керемет ландшафтты табиғи парктер мен қорықтар алыстағы шетелді еске салады.
Аймақтың туризмді дамытуға әлеуеті толығымен жетеді, сондықтан да қазіргі таңда Қазақстанның ТОП-50 туристік аймағына енген басты бағыттар анықталған. Бұл: Бұқтырма су қоймасы, Катонқарағайдағы ұлттық парк және облыстың бірнеше ауданында дамытуға болатын шаңғы кластері.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов келер жылдан бастап Жаңа Бұқтырма кенті туристік орталыққа айналатынын айтты. Кент көшелері әлі-ақ танымастай өзгеріп, абаттанатын болады, ойын-сауық орталықтары, сауда орындары мен қоғамдық тамақтану жүйесінің қанат жаюына байланысты мұндағы мәдени өмір де жаңа сапаға көтерілмек. Бұл елді мекенге және оның тұрғындарына тың серпіліс, жаңа тыныс жетіспейді. Ал жоспар іске асырыла бастаған кезде жергілікті жұрт жұмыспен қамтылып, спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Жағалауда жүгіру алаңдары мен велосипед жолдары, сонымен қатар балалар үшін заманауи ойын және спорт алаңдары пайда болмақ. Су қоймасының жағалауында муниципалды қауіпсіз жағажай да ашылатын болады.
МЕДИЦИНА
Бес жыл ішінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен облыс бюджетінен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және медицина мекемелерінің жарақтандырылуын жақсартуға қомақты қаражат бөлінді.
Облыста туберкулезден, қан айналымы жүйесі ауруларынан және қатерлі ісіктен болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітім азайып келеді. Медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлері енгізіліп жатыр, нәтижесінде науқастар аз жарақат алады және тезірек оңалып, қатарға қосылуға мүмкіндік жоғары.
Биыл облыстың медицина мекемелеріне тоғыз рентген аппараты, үш маммография аппараты, аудандық босандыру қызметтері үшін 143 және емханалар үшін 146 әртүрлі аспап, құрал сатып алынды. Үш жыл ішінде аудандық ауруханалар алты компьютерлік томография және 602 түрлі медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі.
Облыстық онкологиялық орталықта енді онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау үшін ПЭТ-КТ зерттеуі жүргізілетін болады.
Тек орталық қана емес, сонымен қатар аудандардағы медицина мекемелеріне де ерекше назар аударылады. Биыл Катонқарағай және Зайсан аудандарындағы екі аудандық аурухананың босандыру бөлімшелері жоғары деңгейге ауыстырылды. Бұл аудандық клиникалардың дәрігерлеріне жүкті әйелдерді кейбір асқынулар түріне қарамастан облыс орталығына жібермей-ақ өздерінде босандыруға мүмкіндік береді. Келер жылы Тарбағатай және Күршім аудандарының аурухана бөлімшелері де жарақтандырылады.
Екі жыл ішінде ауылды жерлерде толық жабдықталған 36 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады.
Онкогематология, кардиология, анестезиология-реаниматология саласындағы 36 маман Израиль, Германия, Ресей және Латвия елдерінің клиникаларында білімін жетілдіріп келді. Келер жылы тағы 23 дәрігер шетелге оқуға жіберіледі.
2025 жылға қарай Шығыс Қазақстанда гематология орталығы іске қосылады. Бұл салада Стэнфорд университетінің жетекші мамандарымен бірлесе қызмет ету көзделіп отыр.
БІЛІМ
Шығыс Қазақстан облысында барлық деңгейдегі білім беруді қолжетімді және оның сапасын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда өңірде балабақшалар жеткілікті, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі біліммен 100% қамтылған.
2025 жылға дейін облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 20 жаңа білім ордасын салу жоспарланып отыр.
Көптілді білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – қазіргі заманның үрдісі, соның арқасында балалар бәсекеге қабілетті болып, жаңа білім көздерін ашады.
Биыл орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқыту сапасын арттыру басымдыққа ие болды. Сол үшін 400 мұғалім курстық даярлықтан өтті.
Ауызекі қолданыстағы қазақ тілінің деңгейін арттыру үшін тілдік ортаға толық еніп, ана тілінде сөйлейтіндердің отбасыларында тұратын жазғы тақырыптық лагерьлер ұйымдастыру жоспарланған.
Талапкерлер үшін облыстың жоғары оқу орындары мен колледждеріне түсу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Жыл сайын гранттар саны облыстық бюджет есебінен 10%-ға артады. Өзге қала-аудандардан келген студенттерге жайлы жағдай жасалып, жатақханалар салынып жатыр.
Қосымша білім беру – балаларды дамытудың тиімді құралы. Оқушылар облыстың спорттық және мәдени іс-шараларына белсенді қатысады.
Бүгінгі таңда 4 мыңға жуық бала тегін спорт секцияларына қатысады. Осы жылдың сәуір айында аймақта үстел теннисі орталығы іске қосылды.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ
Облыста тұрғын үй құрылысының көлемі артып келеді. Биыл 185 млрд теңгеге 869 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Үш жыл ішінде шамамен 1 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Көппәтерлі үйлер негізінен Өскемендегі 22-ші және 24-ші шағын аудандарда салынып жатыр. Ірі ауылдарда және облыс орталығында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жеке үйлердің құрылысы жалғасуда.
Облыстың басым бағыты – аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй салу. Биыл осы мақсатқа 236 пәтер бөлінеді. Алдағы жылы тағы 93 отбасы баспана кілттеріне ие болады.
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Аймақтағы жолдардың 91%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Жыл сайын жол сапасын жақсартуға қомақты қаражат бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа 23 млрд теңге бағытталып, 245 шақырым жолға әртүрлі жөндеу жүргізілді.
Жетекші инфрақұрылымдық жобалардың ішінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын атап өтуге болады. Бұл – елдегі ең ұзын көпір болады. Қазіргі күні жүріп-тұруы паромның жұмысына байланысты болған үш ауданның тұрғындары үшін өткелдің салынуы өте өзекті. Қазірдің өзінде мұнда құрылыс жұмыстары кестеден озып жүргізіліп жатқаны белгілі. Көпірді пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған.
Өскемен – Алтай – Рахман қайнары тас жолының учаскесінде бірнеше жыл тоқтап тұрған Осинов асуынан айналып өтетін жолдың құрылысы қайта басталады. Бұл жобаның аяқталуын аймақ жұрты асыға күтіп жүр. Төте жол ашылғанда жүру уақыты едәуір қысқарып, қауіпті учаскелерді айналып өтуге мүмкіндік туады. Жобаға қатысты түзетулер жүргізілді, енді келер жылы жұмыстар қайта қолға алынады.
Тағы бір жаңалық – Октябрь паромының жұмысын қалпына келтіру. Соның есебінен Өскеменнен Үлкен Нарын ауылына дейінгі қашықтық 70 шақырымға қысқарады.
Бұдан басқа тағы екі ауқымды жобаның есеп-қисабы жүргізіліп, қаралып жатыр. Біріншісі – Шемонайханы және осы қалаға кіреберістегі көпірді айналып өтетін Ресей шекарасына дейін жол салу. Уба өзені арқылы өтетін өткел апатты жағдайда, ол облыстың транзиттік әлеуетін тежейді. Екінші жоба – Өскемен – Тарханка – Топиха – Черемшанка - Риддер тас жолының құрылысы. Ол облыс орталығынан Риддерге дейінгі қашықтықты 43 шақырымға қысқартады. Қазір бұл жолдың ұзақтығы – 105 шақырым.
ЭНЕРГЕТИКА
Биылғы жылыту маусымы өңірімізде жағымсыз оқиғалармен басталды. Риддерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Қараша айының 6-сы мен 19-ы аралығында жергілікті ЖЭО-да апат болып, тұтас қала жылусыз қала жаздады.
«Риддер ЖЭС» АҚ – жекеменшіктің қолында. Кәсіпорын басшылығы жылдар бойы ондағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелерге назар аудармай, елеусіз қалдырып келген. Мұндай немқұрайлық пен салғырттық салдарынан келеңсіз жағдай туындады. Уақытында жаңартылмаған, әбден тозығы жеткен қондырғылар дұрыс жұмыс істемей, бірінен соң бірі істен шыға бастады. Апат болып, төтенше жағдай жарияланды.
Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету үшін жағдайды облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі жеке бақылауына алуына тура келді. Апат салдарын жойып, қазандықтардың жұмысын реттеу үшін өңіріміздің өзге кәсіпорындары көмекке келді. Жөндеу жүргізілді, қазіргі таңда ЖЭО қалыпты жағдайда істеп тұр. Десе де қаланың өте маңызды коммуналдық мекемесінің жеке қолда болуы күн тәртібінде тұрған басты мәселе болып қалуда.
Ал Өскемендегі ЖЭО жұмысына келсек, оған да жылу энергиясы тапшылығын жою үшін жаңғырту жүргізу қажет. Қазандықты қалпына келтірудің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Қосымша қазандық орнату жоспарда бар.
Жылды қорытындылар болсақ, Шығыс Қазақстан облысы өзінің әлеуетін барынша іске асырып жатыр. Бұл ауқымды әрі болашағы зор жобаларды әзірлеуге, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына оң ықпал етеді. Қазіргі күннің өзінде келер жылы жаңа мақсаттарға жетудің негізі қаланды. Жыл аяқталғанмен жұмыс жалғаса береді.