Командирлер жаттығу өткізді – Шығыс
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен Семей қаласында әскерилер арасында оқу-жаттығу жиыны өтті.
Іс-шараға Абай облысының орталығымен қатар Павлодар, Өскемен, Курчатов қалаларында орналасқан әскери бөлім командирлері мен орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Полигон аумағында үш күнге созылған оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскерилердің кәсіби біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдау. Оған қоса әртүрлі аймақтан келген командирлер өзара тәжірибе алмасады.
– Бронь тронспортер 80 техникасын жүргізу, суда жузу, әртүрлі модификациядағы қару-жарақты қолдану сынды сабақтар жүргізілді. Оқу-жаттығуға қатысушылар жоғары нәтиже көрсетті, – дейді 5511 әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары Аброр Абдуллаев.
Айта кетейік, күшейтілген қару-жарақпен жабдықталған БТР-80 техникасының жаңартылған түрі жол талғамайды. Ойлы-қырлы жерлермен ғана емес, суда да жүре береді. Бұл техниканы жүргізуге мол тәжірибе керек дейді әскерилер.
– Командирлер БTР 80-ді суда жүргізіп, тәжірибе жинақтауда. Бұл техника су кедергілерін оңай бұзып өтеді. Тек бұған тыңғылықты даярлық қажет. Суға түспес бұрын техниканы жарты сағат немесе бір сағат тексеру қажет, – дейді 5518 әскери бөлімінің аға механик жүргізушісі Руслан Бекенов.
Жиынға қатысқан әскери қызметкерлердің демалуына да жағдай жасалғанын айта кету керек. Бұл үшін арнайы жабдықталған техникалар бар.
– Бұл іс-шараның маңызы зор. Біз мұнда көп тәжірибе жинақтадық. Күнделікті қызметте мұндай іс-тәжірибеге уақыт тапшы болып жатады. Сондықтан бұл жерде үйренгеніміз көп, – дейді 5518 әскери бөлімінің командирі Медет Ертайлақов.