Moonwalker – қалаға арналған коньки
Shift Robotics компаниясы әлем назарына жаңа көлік түрін ұсынды. Адамның жүрісін 250%-ға арттыратын құрылғының қандай ерекшелігі бар?
Американың Карнеги Меллон университетінде инженерлер жаңа көлік құралын жасап шығарды. Көлік дегенде кәдімгі машинаны немесе мотоциклді елестетсеңіз, қателесесіз. Өнертапқыштар жаяу адамның жүрісін анағұрлым жылдамдататын аяқ киім ойлап тапқан. Moonwalker деген атауға ие болған құрылғы жаяу жүргіншілерге, әсіресе қала тұрғындарына таптырмас құрал болмақ.
Moonwalker – жылдам бейімделетін бауының арқасында кез келген аяқ киімге оңай орнатылады. Қала көшелеріне арналған құрылғыға 300 Вт-тық электр қозғалтқыш қойылған. Соның арқасында ықшам көлік сағатына 11 км жылдамдықпен қозғалуға қауқарлы. Оны толық қуаттауға 1,5 сағат қажет. Оның жұмыс істеу барысы өте қарапайым. Әр жұпқа 8 дөңгелектен орнатылған құрылғы иесінің жүрісіне қарай бейімделеді де, қимыл-қозғалысына қарай жылдамдығын реттеп отырады.
Moonwalker-ге жасанды интеллект орнатылған. Соның арқасында ол сіздің әр қадамыңызды және қандай жылдамдықпен кетіп бара жатқаныңызды есептеп, соған қарай тепе-теңдігіңізді сақтайды. Ал жүруге қолайсыз жерлерде бір-бірінен тәуелсіз айналатын алдыңғы және артқы дөңгелектерінің көмегімен жұмсақ әрі жайлы жүрісті қамтамасыз етеді. Moonwalker-дің қозғалысы Shift және Lock деп аталатын екі режімнен тұрады. Біріншісінде сіздің адымыңызға қарай жылдамдық үдесе, екіншісінде керісінше болады. Ал баспалдақтарға тап болсаңыз, ақылды көлігіңіз бірден жүрісін тоқтатады да, тегіс жолға шыққанша іске қосылмайды.
Талайды қызықтырған Moonwalker-дің нарықтағы бағасы – 610 мың теңге. Ал Kickstarter компаниясының сайты арқылы тапсырыс берсеңіз, анағұрлым арзан болмақ. Онда бұл құралдың бағасы шамамен 390 мың теңге.