2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді
Фото: zakon.kz
Елімізде 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.
"Жағымды жаңалығымыз бар. 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі осыдан 110 жыл бұрын, 2 ақпан күні жарық көргені белгілі. Алаш ардақтыларының қолтаңбасы қалған газет ұлттық ренессанстың қайнар көзіне айналып, халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды", – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасына.
Дархан Қуандықұлы Мемлекет басшысының бұған дейін Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткенін еске салды.
– Енді, міне, журналистер қауымы үшін тағы бір атаулы күн белгіленіп отыр. Баспасөз саласында еселі еңбек етіп, қалам тербеп жүрген барша әріптестерімізді Ұлттық баспасөз күнінің белгіленуімен құттықтаймын! – дейді ол.
Оқи отырыңыз