Бұғы мүйізін кесу. Мәселенің мән-жайы айтылды
Шығыс Қазақстан облысындағы марал шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтарының бірінде түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Желідегі көпшіліктің пікірі «бұғының мүйізін кесу – айуандық» дегенге саяды. Шаруа қожалығының өкілдерін жауапқа тартуды сұрағандар да бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі мен Қазақстан марал өсірушілер палатасының төрағасы осы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Тексеру жүргізіліп, шаруа қожалығы өкілдерінің бұғыларды ұстауға, марал шаруашылығының өнімдерін сатуға рұқсат қағаздары, тиісті құжаттары бар екені анықталды. Олардың мүйіз кесу кезіндегі әрекеті қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа жатпайды. Бұл қалыпты үрдіс, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің бас маманы Мұхтар Жанкебаев.
Бұл пікірді палата төрағасы Нұрлан Тоқтаров да қуаттап отыр. Оның айтуынша, бұл жағдайды талқыға салудың өзі бос әуре.
– Елімізде марал шаруашылығы тек панты өнімдерін алу мақсатында жүргізіледі. Бұл өнімнің адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз. Қолға үйретілген маралдар – шаруа қожалығының меншігі. Ал бұғының мүйізін кесу – атам заманнан келе жатқан үрдіс. Мүйізді кәдеге жаратып, пайдаға асырып отырған әлем елдері қаншама. Олардың қатарын Жаңа Зеландия мен Қытай сынды елдер бастап тұр. Технологиялық үрдіс бүкіл елде бірдей. Мамандар бұғыларды өрістетіп қоя береді. Шамамен, бір жарым ай ішінде бұғының мүйізі өсіп жетіледі. Содан кейін өздігінен түсіп қалады. Марал шаруашылығымен шұғылданушылар осы табиғи үрдістің «алдын орап», мүйізді кәдеге жаратады. Нәтижесінде таптырмас өнім алынады, – деп түсіндірді бұғы шаруашылығының білгірі Нұрлан Тоқтаров.