Коронавирустың жаңа штамы тарап жатыр: шектеу енгізіле ме?
Фото: kt.kz
Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова «Коронавирустың жаңа штамына қатысты карантин шаралары енгізілуі мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайдыAltaynews.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Наурыз айының соңында омикронның жаңа штамы Eris тіркелді, қазір ол бүкіл әлемге тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректеріне қарағанда, омикронның бұл түрі 45 елде бар. Кейінгі 5 аптада осы штамм өте тез тарады. Егер 5 апта бұрын оның омикрондағы жалпы үлесі 5% болса, қазір ол 12%-ға жетті», – деді А.Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, Eris-тің омикронның басқа штамдарынан айтарлықтай ерекшелігі байқалмаған. Яғни бұл штамм жұқпалы болғанымен, оны науқастар жеңіл еңсеріп жатыр және ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Коронавирустың барлық түрлері сияқты ол егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары барлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал.
Тілшілер вице-министрден: «Жаңа штамның таралуынан карантиндік шектеулер енгізілуі мүмкін бе?» – деген сұрақ қойды.
«Қазір бұл туралы айту әлі ерте. Әзірге, қолда бар деректерге сүйенсек, омикронның бұл түрі аса ауыр болады деген ақпарат жоқ. Бұл штамм көп жағдайда жеңіл өтіп жатыр. Қауіп әлі де жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары барларға және қарт адамдарға ғана төніп тұр. Жалпы, карантин немесе шектеу шараларын енгізу қарастырылмаған», – деді Айжан Есмағамбетова.