Колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға өседі

Фото: egemen.kz
Жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50 пайызға өседі.
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпарат сайтына сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беруге мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Биыл аталған салаға 133 мың грант бөлінді. Оның 60% техникалық мамандықтарға бағытталды. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға артады, – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау мақсатында, міндетті жұмысқа орналастыру талабымен 10 мың орын бөлінді.
– 410 колледжді кәсіпорындар өз қамқорлығына алып отыр. Айта кетсек, бірқатар өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда оң нәтиже бар. Мәселен, Алматы қаласында техникалық және кәсіптік білімді дамыту бойынша 2023-2030 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленді. 600 колледж педагогы шетелдік тағылымдамадан өтеді. Дуалды оқыту шеңберінде тәлімгерлік институтын дамыту, 1200 орындық екі колледж және жатақхана салу жоспары бар, – дейді ведомство басшысы.
Оқи отырыңыз