«Ата жолы» картасы кімдерге беріледі?
Биыл 1 шілдеден бастап басқа елде тұратын этникалық қазақтарға «Ата жолы» картасы беріледі.
Бұл құжаттың иегерлері Қазақстанда 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады. Бір ерекшелігі – басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және қандастарымен тең құқыққа ие болады, деп хабарлайды Altaynews сайты.
«Ата жолы» картасы – этникалық қазақтарға елімізде бизнес-кейстерін іске асыруға және елде тапшы мамандардың қызмет етуіне берілетін құжат. Бұл карта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ адами әлеуетті дамыту, тарихи отанмен байланысты нығайту және ұлттық дәстүрлерді сақтау, елге кәсіпқой мамандарды және табысты кәсіпкерлерді тарту үшін ҚР-ның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.
– Ережеге сәйкес «Ата жолы» картасы үш санаттың біріне сәйкес келетін шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін ұсынылады: ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің болуы, үміткердің Қазақстанда талап етілетін кәсіптерге ие болуы, тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы. Сондай-ақ бұл құжатты «Құтты мекен» мобильді қосымшасынан өтініш беру немесе Қазақстан елшілігіне жүгіну арқылы алуға болады, – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ ШҚО филиалының басшысы Әскерхан Ақтай.
Тіркелгеннен кейін өтінім бес жұмыс күн ішінде қаралады. Содан кейін әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы жергілікті атқарушы орган сол қосымша арқылы алушыны құжаттың ұсынылғаны туралы хабардар етеді. «Ата жолы» картасын алғаннан кейін этникалық қазақ виза алу үшін ҚР сыртқы істер министрлігінің шетелдегі мекемесіне (консулдық не елшілік) жүгіне алады. Тұратын елінде Қазақстанға визасыз режим болса, көшіп келушілердің келуі мен болуының қазақстандық тәртібіне сәйкес бірден елге келе алады. Келгеннен кейін «Ата жолы» картасының иегері ұзарту мүмкіндігімен 10 жыл мерзімге тұруға ықтиярхатты рәсімдеу үшін аумақтық ішкі істер органдарына жүгінуге тиіс. Карта алынған санатқа байланысты этникалық қазақ не жұмыс берушімен шартқа қол қояды және оны «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде» тіркейді, не өзінің бизнес-жоспарын жүзеге асыруға кіріседі.
– «Ата жолы» картасының иегерлері мен қандастардың да өзіндік айырмашылығы бар. «Ата жолы» картасының иегерлерінің этникалық қазақтардан басты айырмашылығы – олар басқа елдің азаматы болып қала отырып, азаматтар мен қандастар сияқты құқықтарға ие болады. Мәселен, оларға Қазақстан заңнамасына сәйкес келесі құқықтар беріледі. Олар жұмысқа орналасу құқығына, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығына, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде әлеуметтік төлемдер жүргізу және қызмет алу, тегін орта білім алу, – дейді Әскерхан Ақтай.
«Ата жолы» картасының иелері Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен ала алады.