ШҚО-да еңбекші әйелдердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар күшейтіледі
1991 жылдан бері елімізде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтеді. Аталмыш шара қыз-келіншектерге қатыгездік көрсету, күш қолдану, жәбірлеу, тіл тигізу, ар-намысын таптау секілді қоғамдық резонанс тудыратын қылмыстардың алдын алуға бақытталған.
Бүгін республикалық акция аясында «ШҚО Кәсіподақтар Орталығында» дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Айта кету керек, жыл сайын елімізде осы азғындықтың кесірінен кем дегенде 80-ге жуық әйел көз жұмады, 150-ге жуығы ауыр, 200-дейі орташа, 4000-нан астамы жеңіл жарақат алады. Полицияға күн сайын 300 хабарлама түсетін көрінеді.
Ол өңірде Заң клиникасының филиалы жұмыс істейтінін де атап өтті. Онда кез келген тұрғынға Еңбек және отбасылық неке заңдары бойынша тегін құқықтық кеңес беріледі.
ШҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдер құқығын қорғау жөніндегі аға инспекторы Алена Мокинаның айтуынша, әйелдердің көбі денсаулығына зақым келгенде немесе өміріне қауіп төнгенде ғана полицияға жүгінетін көрінеді.
"Тәуелсіз зерттеулер орталығы" қоғамдық бірлестігінің басшысы Жанар Қабидуллақызы өз кезегінде неке және отбасы құндылықтарын насихаттап, қазіргі жас отбасыларға үлгі-өнеге көрсете білу үшін түрлі іс-шаралар қолға алу керектігін атап өтті. Мәселен, ШҚО-дан бастау алған "Мерейлі отбасы" байқауы қазіргі күні республикалық деңгейде ұйымдастырылып жүр. Жанар Қабидуллақызы дәл сондай облыстық "Қазақстандық отбасы" байқауын ұйымдастыруға ниетті.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша резолюция қабылданды. Кәсіподақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау шараларын енгізу мен заңды қатаңдатуды қолдайды. Осы бағытта еңбекші әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша жұмыстар күшейтіледі. Сондай-ақ кәсіподақтың ішінде де, одан тыс жерде де құрметтеу мәдениеті мен теңдікті насихаттау жұмыстары жүргізіледі.