Қазақстанда қар барысының саны рекордтық деңгейде азайды
Фото: baribar.kz
Биыл қарашада ұлттық статбюро Қызыл кітапқа енген аң саны туралы соңғы деректерді жариялады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Kazinform -ға сілтеме жасап.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жинақтарында Экология және табиғат ресурстары министрлігінің Орман шаруашылығы комитетіне сілтеме жасай отырып, Қазақстанда 2021-2022 жылдар аралығында қар барысының саны 170-тен 99-ға дейін азайғаны жазылған. .
2018 жылы Қазақстанның тау бөктерін 223 барыс мекендесе, былтыр олардың саны екі есе қысқарып, ғалымдар, экологтар мен құқық қорғау ұйымдарының күш салуына қарамастан рекордтық төмен деңгейге жеткен.
Бейінді комитет сайтында бұл жағдайға ешқандай түсініктеме берілмеген. Жету қиын тау бөктерінде жүретін қар барыстарын тіркеу ерекшелігін ескерсек, оларды қоғадай жапырып жатыр деуге келмейді.
Мәселе мынада, олардың санын есептеу және қай түрге жататынын зерттеу олар мекен ететін жерлерге қойылған фототұзақ, олардың ізін, белгілерін талдайтын зоологтардың зерттеулері арқылы жүзеге асады.
Осылайша қорытынды есеп олардың ізі адам назарына қаншалықты түсетініне байланысты болып тұр.
2021 жылы демеушілердің көмегімен тауларға қосымша фототұзақтар орнатылып, нақты есеп жүргізуге мүмкіндік берді. Былтыр барыстардың фототұзақпен «кездесуі» аз болуы да мүмкін.
Орман шаруашылығы комитетінің ақпараты бойынша, Қазақстанда қар барысы бірнеше өңірдің таулы өңірлерін мекен етеді.
Жабайы мысықтың негізгі тараған аймақтары — Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Көлсай көлдері, Қатонқарағай, Сайрам-Өгем, Шарын, Алтынемел ұлттық парктері мен Алматы және Ақсу-Жабағылы қорықтары.
Бұл аймақтардың көбі шекарада болғандықтан, барыстар Қытай, Қырғызстан мен Ресейге өтіп кетуі де ықтимал.
WWF Орталық Азия бағдарламасының дерегі бойынша, Қазақстан үлесінде ілбіс популяциясының 3%-і ғана бар. Республикамыз қар барысы үшін экологиялық дәліз міндетін орындады.
Бұл аңның таралу аймағын мемлекеттер бойынша бөлуге болмайды. Сол себепті әр елдердегі қар барыстары туралы деректерді жариялағанда сарапшылар жануарлар миграциясы болатынын атап өтіп, сандардың нақты болмауы мүмкін екенін ескертеді.
Себебі кейбірі әр уақытта екі елде де есептеліп кетуі мүмкін.
Қар барысын сақтап қалу және оның экожүйесі жаһандық бағдарламасының (GSLEP) дерегі бойынша, әлемде оның саны 3 мыңнан 5,4 мыңға дейін жетуі ықтимал. Яғни нақтылық жоқ.
Жалпы ілбіс әлемнің 12 елінде өмір сүреді. Осы мемлекеттердің бәрінде ол Қызыл кітапқа еніп, жойылып кетуден сақтау бағдарламалары жасалған.
Алдын ала есеп бойынша, жабайы мысықтың көп бөлігі, яғни 2,5 мыңға дейін түрі Қытай тауларында тіршілік етеді.
Моңғолия мен Үндістандағы санын да көп деп айтуға болады — 1 мың және 600-ге жуық. Қазақстан 100-110 санымен (2021 жылғы деректер) 10-шы орында тұр.
Бұл аң үшін негізгі стресс-фактор — олар мекендейтін орынға адамдардың жетуі.
Біріншіден, таулы аймақтарды зерттеу, екіншіден, ол жерлерде тұрақсыз туризмнің дамуы әсер етеді.
Жабайы тау бөктерінде адамның пайда болуы аңдарды үркітіп жіберуі, сол себепті олар алысырақ жаққа кетіп қалуы мүмкін.
Олардың азаюына ықпал ететін тағы бір фактор — заңсыз аң аулау.
Сондай-ақ олар мекендейтін аумақтарға төрт түлік малды жая бастағанда да жабайы аңдар басқа жаққа ығысады.