"Абай әлемі" кітаптар топтамасы оқырманға жол тартты
ШҚО-да «Абай әлемі» кітаптар топтамасының кезекті шығарылымы оқырманға қауымға жол тартты. Шығыс руханиятына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Абай әлемі» кітаптар сериясы арқылы жергілікті қаламгерлер шығармалары 2018 жылдан бері жарық көріп келеді. Осы аралықта оқырман қауымға 65 889 дана кітап жол тартқан, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыс орталығында қазақ руханиятының қоржынын толтыруға үлес қосып келе жатқан әдеби жоба аясында жарық көрген кітаптар топтамасының тұсауы кесілді. «Абай әлемі» кітаптар топтамасы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба өлкеміздің өткені мен бүгіні жайлы қалам тербейтін жерлес қаламгерлердің шығармаларын басып шығаруға арналған. Жоба басталған 2018-2023 жылдар аралығында барлығы 65 889 данамен 95 кітап жарық көрді. Соның ішінде 66 автордың жеке кітабы, 9 жинақ, абайтанушылардың 5 томдығы, Абай шәкірттері мұрасының 4 томдығы бар.
Сонымен қатар жергілікті он жас ақынның үздік поэтикалық туындылары топтама жинақ болып жарыққа шықты. Олардың қатарында Тәттімбет Асханұлы, Камшат Нұғыманова, Бақжан Елсінбекқызы, Құмар Зиятхан, Ілия Кәрімқызы, Көгедай Шәмерхан, Тілек Мұрат, Есенбол Нақтыбайұлы, Құралай Омар және Құндыз Тасқынбек сынды дарынды жас қаламгерлер бар.
Осылайша оқырман қауымға сиясы кеппен жаңы туындылар жол тартып, қазақ руханиятының қоржыны жаңа кітаптармен толықты.