Қазақстандық қобызшы Golden Time Talent халықаралық конкурсында 1-орынды иеленді
Шахназе Ілиясова «Golden Time Talent» халықаралық онлайн-байқауында бірінші орынды иеленіп, енді Ұлыбританияда өтетін аттас фестивальда Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, 22 жастағы қобызшы Бұқар-Жырау ауданы Ботақара ауылының тумасы, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ол бала кезінен музыкамен айналысады. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде анасы жергілікті музыка мектебінің қобыз сыныбына берген.
Содан бері Шахназе өзінің сүйікті аспабын шебер меңгеріп, әртүрлі республикалық және халықаралық конкурстарда жеңіс тұғырынан көрінді.
Бүгінде талантты қобызшы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің түлегі. Сондай-ақ, ол волонтерлік қызметпен айналысады және ЮНЕСКО клубының мүшесі.
Айжанат Бақытқызы