Феклистовкадағы мектеп туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратылған
4 қаңтар күні Инстаграм әлеуметтік желісінде Алтай ауданының Феклистовка ауылындағы А.Сумин атындағы орта мектептің ғимараты туралы жалған ақпарат жарияланған.
Қысқа бейнероликтің астындағы жазбада мектептің жөндеуді қажет ететіні әрі суық екені, дизельді қазандықтың ғимаратты жылытуға мүмкіндігі жетпейтіні, сондай-ақ ғимарат терезелерінің сынып жатқаны айтылған. Ал бейнероликте қазандықтың дәлізі мен жұмыс істемейтін асхананың терезелері көрсетілген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Алтай ауданындағы Феклистовка ауылы облыс орталығынан 40 км жерде орналасқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның хабарлауынша, бұл мектептің ғимараты 1976 жылы салынған. Қазір мұнда 43 оқушы білім алып жатыр.
Сондай-ақ ШҚО білім басқармасының мәліметінше, мектептен бөлек орналасқан қазандық ғимараты жеке тұлғаға тиесілі. Оқушылар оған кіре алмайды. Жарияланған бейнеде қазандыққа апаратын дәліз көрсетілген. Десек те онда да еңбеккелердің қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
Қабырғасында жарықшақтардың пайда болуына байланысты мектеп асханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2023 жылы асханаға техникалық тексеру жүргізіліп, қорытындысы алынды. Қазір асхана жұмыс істеп тұрған жоқ.
Атап өтерлігі, мектеп оқушылары білім сайыстарында жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Айталық, былтыр мектептің бастауыш сынып оқушысы облыстық қазақ тілі олимпиадасында бірінші орын алған. Білім ошағының мұғалімдері де түрлі байқауларда жүлделерге ие болып жүр.