KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
488.45 529.19 5.04

Манақбайға көрші елден де келетіндер көп

Сурет автордікі

8.01.2024, 18:00 177

Облыста «Жол жылы» деп жарияланған биыл өңірдегі бірнеше ірі туристік нысандарға апаратын негізгі және кірме жолдар жөнделіп, инфрақұрылым салынады деп жоспарланып отыр. Демалыс орындарына баратын жолдардың жөнделуін талай жылдан бері күтіп жүргендердің бірі – тарбағатайлық кәсіпкер Сәбила Сегізбаева, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Туристік әлеуетіміз көп дейміз, бірақ туризмнің шынайы әлеуеті тек тамаша табиғатта емес, адами капиталда жатқанын түсінуіміз керек. Кез келген жобаны аяғына дейін жеткізе алатын, барды екеу ете білетіндер білімді, еңбекқор адамдар, кәсіпкерлер, мамандар ғой.

Тарбағатай ауданы, Зайсан көлінің жағасындағы «У Кумара» демалыс үйінің иесі Сәбила Сегізбаева өз кәсібін 2018 жылы ашқан. 30 орындық демалыс үйі қысы-жазы жұмыс істеп тұр. Жазда жергілікті демалушылар, туристер келсе, қыста Ресейдің Алейск, Барнаул, Новосібір, Бийск, басқа да қалалары мен өңірлерінен топ-тобымен балық аулаушылар келіп, Сәбила Қайырлықызының қонақ үйінде бірнеше күндеп жатып, мұз ойып, қармақ салып, уақыттарын көл бетінде өткізеді. Қонақ үйдің орыс тіліндегі атауы қыс түссе Зайсанды бетке алатын ресейлік қонақтардың бұл мекенді интернеттен де, аймақтан да оңай тауып алуы үшін қойылған.

Сәбила апай демалыс үйіне өмірден ерте өткен Құмар деген ұлының атын қойыпты.

– Қонақ үйіміз Манақбай учаскесінде орналасқан. Боғастан кейінгі Қарой елдімекенін өткен соң күре жолдың бойында «Ұлтарақ» деген жол көрсеткіші тұр. Біздің демалыс үйімізге демалушылар осы жерден бұрылады. Қаладан 350 шақырымдық жер. Балық аулаушыларға «Ұлтарақ» фирмасы арқылы лицензия береміз, көлден арнайы орын бөлінген, барлығы заңды түрде ұйымдастырылған.  Қарасу елдімекені маңындағы демалыс үйіміздің жанынан белсенді демалысты ұнататындарға арнап жағажай кешенін салып, жолдасым екеуміздің кәсібімізді дамытсақ деген жоспарымыз болған еді. Алайда, Зайсан көлі қатты тартылып, жағадан бір шақырымға алыстап кетті. Оған қоса біздің жаққа баратын негізгі Омбы – Майқапшағай  автожолының тозғаны, әлі күнге дейін жөнделмей жатқаны бізге кедергі келтіріп отыр. Тым болмаса күре жол тезірек жөнделсе дейміз, – дейді Сәбила апай.

Самар ауданының тумасы, Тарбағатай ауданының келіні Сәбила апай өзі де отбасымен бірге демалыс үйі орналасқан көл жағасында тұрады. Зейнетте. Жолдасы Қабылқақ бұрын балықшы болған. Қазір отағасы екеуі көл жағасында мал ұстап, қонақ үй шаруасын атқарып, демалушыларға қызмет көрсетіп келеді. Көл қайтпай тұрған кезде жағалауға келушілер көп болыпты. Зайсан көлінің жағасындағы жалғыз демалыс үйінен қонақ арылмаған. 18 шақырым жердегі Ақмектеп ауылының жанындағы Тәуке елдімекенінің қосалқы станциясынан қонақ үйге дейін электр желісін тартып, нысанды жарықтандырған, сумен жабдықтаған. Демалушыларға барлық жағдайды жасаған. Келушілердің алғысына бөленіп, кәсібін дұрыс жүргізе білген Сәбила апай демалыс базасын салуға алған 10 милллион теңге несиесін де бір-екі жылда қайтарып үлгеріпті. Бір қыста Ресейден, Алматыдан, Астанадан, Өскеменнен 200-ден астам демалушы келіп отырған. Кәсіпкердің алыс ауылдағы кішкентай ғана кәсібі бірер жылдың ішінде көршілес елдің демалушылары іздеп келетін демалыс орнына айналған.

Тозған жол, тартылған көл. Зайсанның көк айдынына балық аулау үшін арнайы келетін ресейліктер түнеукүні Сәбила Қайырлықызына хабарласып, келетіндерін айтып, тағы да жолдың жағдайын сұрапты. «Үкімет те жыл сайын жолды салып бітпеді, мен де «жол сол баяғыдай» деуден басқа жауап айтпадым» дейді апай қапаланып.

 Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив