Адасып кеткен марқакөлдіктерді орманшылар құтқарып қалды
Фото: kartin.papik.pro
Алтайдың қаһарлы қысы қателікті, немқұрайлықты кешірмейді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қаңтар айының 9 күні көршілес Зайсан ауданының тұрғыны Марқакөл ауданының Қалжыр округіне қарасты Шыбаршілік фермасында мал бағатын туысының үйіне әйелі және үш баласымен (кішкентайы бір жаста) қонаққа барған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Жолаушылар қайтар жолда адасып, женіл көліктері терең шұнқырға түсіп кеткен. Далада түтеген боран. Жақын жерде не ферма, не елді мекен жоқ. Қайта, жолаушылардың ұялы байланыс аймағында болғанының арқасында олар Боран ауылында тұратын таныстарына хабарласып үлгерген.
Боран ауылдық округі атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Алмат Хасеновтің ұйымдастыруымен Марқакөл орман шаруашылығы Боран бөлімшесінің техникасы жолаушыларға шұғыл көмекке келіп жеткен. Олар сәл кешіккенде шұңқырға түсіп кеткен көлік ұйтқи соққан қардың астында көміліп қалар еді.
Жолсызда жол таппай қарға батқан машина шығарылып, жолаушылары құтқарылған.
Жанаргүл Мұқатай