Облыс әкімі Ұлттық ұланның жауынгерлік әзірлігімен танысты
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындығымен және техникалық жабдықталуымен танысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Әскери бөлім аумағында қаз-қатар тізілген броньді әскери көліктердің сипаттамасынан хабардар болған өңір басшысы Урал 4320 ауыр жүк көлігін тізгіндеп те көрді. Сапары барысында облыс әкімі әскери бөлім орындайтын жауынгерлік міндеттер мен оның оқу-материалдық базасына назар аударды. Сондай-ақ, қарудан оқ ату дағдыларын қалыптастыруға арналған тир орталығында мергендігін сынап көрді.
Бұған қоса, облыс әкіміне жауынгерлік жедел топтың ұрыс тәртібі көрсетіліп, арнайы жасақтың заманауи үлгідегі қарулары, әскери киім үлгілері паш етілді.
Аймақ басшысы сапары барысында әскери бөлімнің саптық алаңында қаз-қатар тізілген қаруланған техникаларды көріп, әскери нысанның материалдық әлеуетімен танысты. Ермек Беделбайұлы әскери бөлім орындайтын жауынгерлік міндеттерге, оқу-материалдық база мен бөлімшелердің тұрмыстық жағдайына ерекше назар аударды. Еске салайық, өткен жылы облыс басшылығы әскери бөлімге «Daewoo» маркалы төрт жаңа автобус табыстаған болатын. Отыз орынға шақталған көліктер жедел мақсаттағы жеке құрамды жауынгерлік қызмет орындарына шұғыл жеткізуге арналған.
Кездесу соңында облыс әкімі өңірдегі тұрақтылықты жіті қадағалап, қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін ұландықтардың маңызды да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты үш облыстың қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің сақшылары 3 514 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 315 қылмыстың бетін ашқан.
Нұржан Кенжеұлы