Марқакөлдегі науқасқа мамандар арнайы көлікпен шықты
Шығыс өңірінде күн райы бұзылды. Әсіресе, қар толассыз жауған Марқакөл ауданында жағдай қиын. Көлік жолдары кезек-кезек жабылып жатыр. Жергілікті билік өкілдерінен алған ақпаратқа сүйенсек, Қарой, Қарашілік, Төсқайың, Бұғымүйіз және Шанағаты ауылдарына көлік қатынай алмайды. Дәл қазір «ОблШығысЖол» ЖШС қызметкерлері жеті техникамен жол ашып жатыр. Облыс орталығынан тағы да қосымша техника жолға шыққан, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қар құрсауы көлік қозғалысын шектеп ғана қоймай, шалғай ауылдағы науқасқа асыққан медицина қызметкерлеріне қол байлау болғанын айтуымыз керек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Төсқайың ауылының 71 жастағы тұрғыны ишемиялық инсульт алған. Күн райы бұзылуына байланысты көлік қозғалысы ғана шектелген жоқ, тікұшақтың ұшуына да тыйым салынғанды. Сондықтан пациентке көмек дер кезінде көрсету мүмкін болмаған.
Дегенмен бүгін Марқакөл ауданы Төсқайың ауылындағы ауыр науқасқа медициналық көмек көрсету үшін облыстың бас реаниматологы, санавиацияның фельдшері жолға шықты.
Қатардағы көліктерді айтпағанда ТЖД-нің жол талғамайтын көліктері де қалың қардан жүре алмай кідіріп қалған. Соған қарамастан жауапты орындар табиғаттың тосын мінезімен күресіп, жолды қардан аршу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осы орайда тұрғындар да жағдайға түсіністікпен қарап, қар құрсауында қамалып қалмау үшін жолға шықпағаны абзал.