KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 4 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Қақаған қыста «оянып кеткен аюдың» өзі де, ізі де табылмады - ШҚО

Фото: Жалын Мұратұлы

17.01.2024, 14:50 436

Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан көпір маңында аю жүргені туралы әңгімелер кешеден бері аймақтағы әлеуметтік желілерде жаппай таралып жатыр. 


Мезгілсіз оянып кеткен аю (шатун) адамға өте қауіпті. Желілерде таралып жатқан ақпараттардан кейін облыстық табиғи ресурстар және  табиғат пайдалануды реттеу басқармасының аудандағы жедел ден қою жасағы көпір құрылысы маңына шұғыл келіп жеткен. Алайда, жыртқыштың көзін құртуға келген жасақ тобы аюдың өзін де, ізін де таппаған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.


Көпірді салып жатқан құрылысшылар мен мұз үстінде жүрген балықшылар да жасақ тобына аталған аумақтан ешқандай аюды көрмегендіктерін айтқан.


Жедел ден қою жасағы аюдың бар, жоғы нақты анықталғанша көпір құрылыс аумағында болмақ.


Алтайдың қақаған қысында аю неге оянып кеткен? Мезгілсіз қаңғырып жүрген аю адамға қаншалықты қауіпті? Осы сұрақтарды Зайсан ауданында тұратын, аңшылық-саятшылықты серік етіп келе жатқан кәсіпқой аңшы Жалын Мұратұлына қойдық. 


-Қыс ішінде мезгілсіз оянып кеткен аю өте қауіпті. Аю қыс ішінде қатты дауыстан,  (мысалы мылтық дауысынан) сыртқы әсерден немесе аш болғандықтан оянып кетіп жатады. Бірақ сирек болады. Мұндай аюды тек қана ату керек немесе ұстап алу керек.  Қыс ішінде ашығып оянып кеткен аю  арық әрі ашулы болады. Бұқтырма су қоймасының бойына аюлар таудан түсіп, келеді. Жыртқыш сол жерден анық байқалған болса ол кейін бір жерге кіріп, қазір көрінбей жатуы да мүмкін. Алтайда аюлар қараша айынан бастап наурыздың аяғына дейін қалың ұйқыға кетеді. Көктем ерте шығып, күн жылынып кеткен жылдары наурыздың ортасына таман оянып кетеді. Аюлар бір апанда екі –үштен де ұйықтайды. Қасындағы аюды атып алған болса, екіншісі қашып далаға шығып кеткен болуы мүмкін.

Аю далада, орманда кездесіп қалған жағдайда  қашпау керек. Адамдарға қонжықтарын қызғанып, аналық аюлар көп шабады. Егер аю адамды көрмей тұрса, үндемей кетіп қалуға тырысу керек. Тым жақындап қалып, бетпе -бет тап болған жағдайда қолда мылтық болса аспанға қарай атып, шелек, ыдыстарды тарсылдатып үркітіп жіберудің жолын қарастыру керек. Мен өзім «перцовый баллончик» алып жүремін. Тура алдыңнан кездесіп қалған жағдайда қолдануға болады,- дейді Зайсандық кәсіби аңшы Жалын Мұратұлы.


Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ақпараты бойынша, соңғы бес жылда облыста аюлардың саны 22,9 пайызға артып, 3000 ға жеткен. 


Тұрғындар, аңшылар өз бетімен жүрген аюды әуесқойлықпен атса да, ем үшін, не үшін атса да арнайы рұқсат алу керек. Биологиялық тепе - теңдікті сақтау үшін әр жыл сайын аюларды атуға, аулауға рұқсат беріледі. Аю саны көп болғандықтан жыртқыштар негізінен шығыста ғана атылып келеді. Кәсіпшілік мақсатта ату үшін тұрғындарға: 2022 жылы 49 аталық, 25 аналық аюды атуға рұқсат берілсе, 2023 жылы 47 аталық, 29 аналық  аюға рұқсат берілген.  


Аюларды атуға рұқсат  2015 жылдың ақпанындағы ауыл шаруашылығы миистрлігімен бекітілген аң аулау қағидаларына 11-қосымшасына сәйкес жыл сайын күзде: қыркүйектің алғашқы сенбісінен, 30-қарашаға дейін, ал көктемде  15 күнтізбелік күннен аспайтын уақытқа, 15 сәуірден, 15 мамырға дейін беріледі. Бұрын қоңыр аюды күзгі уақытта ату мерзімі бір айға жетер - жетпес уақыт болса, қазіргі уақытта 30 қарашаға дейін ұзартылған. 


Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив