Семей базарында кәсібі күйіп кеткендерге қандай көмек көрсетілуде?
Абай облысы әкімдігінен
Өртке оранған «Ақшың» сауда үйінің бастамашыл тобы облыс әкімімен кездесті.
Жиында қажетті құжаттарды жинау, субсидия, жалға алу және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Абай облысы әкімдігі ақпаратына сүйеніп.
Зардап шеккендерге облыс әкімдігі қажетті мемлекеттік қолдау көрсетуде. Мәселен, 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлер үшін 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасы қарастырылған. Екінші деңгейлі банктерге өрт салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесін төлеуді 3 айдан 6 айға дейін кейінге қалдыру туралы хаттар жолданды, өз өнімдерін өткізу үшін кәсіпкерлерге жақсы сауда орындары ұсынылды. Жергілікті университеттер өрттен зардап шеккендердің отбасыларына 6 айға дейін оқу ақысына жеңілдіктер жасайды.
Сондай-ақ, жұмыссыз қалғандарды жұмысқа орналастыруға көмектесетін штаб ашылды. Штаб Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада орналасқан.
Сауда үйіндегі өрттен кейінгі жағдай Абай облысы әкімінің жіті жеке бақылауында.