Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында оқушылар мен студенттер арасында "Ізгі ой" атты quiz ойыны өтті.
Интеллектуалдық ойында шығыстың аяулы перзенті Бердібек Сапарбаевтың еңбек жолы насихатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
— Өңірімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғаның өнегелі өмір жолын өскелең ұрпақ білсін деген ниетпен бүгінгі білім бәсекесін ұйымдастырдық. Сондай-ақ ойын барысы аймағымызға қатысты қызықты ақпараттарға толы болмақ. Шығыстың дүйім алаш жұртына атағы жеткен ақтаңгерлері аз емес. Сондай тұлғалардың ғұмыр баяны, шығармашылығы немесе жетістігі жөнінде сөз қозғаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл іс-шараның білім қуған жас оқырманға берері мол, — дейді кітапхана қызметкері Әділ Әуезхан.
Ұйымдастырушыларша айтсақ, куиз деген — көтеріңкі көңіл күй, керемет атмосфера. Мұнда ойыншылардың тапқырлығы мен танымы қатар сынға түседі. Сондықтан тақырыптық куизге тыңғылықты дайындықпен келген жөн. Ойынға қатысатын оқушы Балнұрай да осыны айтады.
— Өлкетану куизіне көп дайындалдық. Енді сайысқа түсіп көреміз. Білмегенімізді үйренеміз. Қарсыластарға сәттілік тілеймін! Алдағы уақытта ойын түрінде өтетін, бірақ біліміңді шыңдайтын осы секілді сайыстарға қуана-қуана қатысамыз, — деді А.Байтұрсынов атындағы 20-шы мектептің 9 сынып оқушысы Балнұрай Сейітхан.
Көңілді тапқырлар сайысында "Мұрагер" тобы жеңімпаз атанды. Екінші орынды "Адай" тобы еншілесе, "Оқырман клубы" деп аталатын студенттер құрамасы үздік үштікті түйіндеді.