Өскеменде кішкентай бала кәріз құдығына түсіп кеткен
pixabay.com
Оқыс оқиға 7 ақпан күні 28-шағын ауданда орын алған.
Бұл туралы баланың анасы әлеуметтік жеілде жариялаған, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
- Құдық ішінде су болған. Ал оның ашық жатқанын білмедік те, көрмедік. Жаз бойы айналасын шөп басып, қыста бұтақтардың бетін қар жауып жататын. Қызым менің жанымда келе жатқан, мен нәрестем жатқан арбаны сүйреп келе жатқанмын, - дейді келіншек. – Дыбыс шықпай қалғасын артыма бұрылып қарасам, қызым шұңқырға түсіп кетіпті. Бірден көршіме қоңырау шалып, көмекке шақырдым. Өйткені бұл шағын ауданда нақты көше әлі жоқ, құтқару қызметі тауып, жеткенше уақыт өтіп кететін болды. Өзім құдыққа түстім. Іші суға толы, тізеден жоғары. Қызымды шығарғанша 10 минуттай уақыт өтті. Бірден жедел жәрдем шақырдық. Кешкісін полиция, әкімдік қызметкерлері мен “Өскемен Водоканал” мамандары құдықты тексеріп, қарады. Келесі күні таңертең құдықтың бетіне бетон құйып, қақпағын жауыпты.
Құдыққа түсіп кеткен қыз баланың жағдайы жақсы.
Жағдайды “Өскемен Водоканал” МКК да растады.
- 2024 жылдың 7 ақпанында 28-шағын ауданда ашық құдыққа адам құлап кеткені туралы хабар түсті, - деп мәлімдеді коммуналдық кәсіпорын. – Мамандар дереу құдықтың бетін жапты. Кәріз құдықтарының ашық жатқанын байқаған жағдайда тұрғындар “Өскемен Водоканал” МКК-ға 53-16-61, 8 705 206 79 16 хабар бере алады немесе @oskemen.vodokanal.ukg парақшасына хат жолдауына болады.
Оқи отырыңыз