KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 9 м/с, Ю
527.58 546.15 5.29

Жетімдерді бес жыл бойы құлдықта ұстап келген

pixabay.com

18.02.2024, 11:00 319 Назерке Каримова

Ұлытау облысында патронаттық тәрбиеге алған балаларды ұрып-соғып, мал бақтырып қойған отбасы анықталды.

Бұл отбасы осы уақытқа дейін балалар үшін жәрдемақы алып келдген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жазды.

- Бүгін Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ-мен аталмыш істің мән-жайы мен қажетті шараларды зерделедік, - деді Динара Зәкиева. - Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала - 1 қыз және 2 ұл анықталды. Патронаттық отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы, балалар 14, 12 және 8 жаста болғанда алған. Балалардың үлкендерін қаладан 20 км қашықтықтағы өз фермаларында ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы және 18 сиыр бар.


Фермаға барған комиссия мүшелері балалардың жағдайларын көріп, шошыған.

- Денелері көгерген, әрі тыртыққа толы, жүп-жүдеу, шаршаған, аш, көздерінде жалын жоқ, кір-қожалақ, киімдері жыртық. Қамқоршы балаларды қорлап, ұрып, азаптап, құлдай жұмсап, 5 жыл бойы балаларға жәрдемақы алып келген, - деп жазады омбудсмен.


Балалардың үлкені – қыз, колледжді бітірген, алайда іс жүзінде сабаққа бармаған. Қамқорлыққа алған адам оны жұмыс істемесең немесе шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытып келген. Ал ортаншы ұл бала колледжде оқиды. Бірақ оқу орындарын тексере келе оларға үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынылып отырғаны белгілі болған.

- Қылмыстық іс тіркелді, сараптамалар жүргізілуде. Қазір балалардың барлығы қауіпсіз жерде. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасау, көмек көрсетуді, балардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауға алды, - деді Динара Зәкиева.


Омбудсмен қазір ІІМ, Прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп бүкіл ел бойынша пилоттық режимде жұмыс істейтін мобильді топтар құрылғанын айтады. Олардың міндеті – зорлық-зомбылыққа ұшыраған, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды жедел түрде анықтау. Көп ұзамай бұл механизм Президент тапсырмасымен әзірленген «Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң жобасы аясында алдын алу құралы ретінде заңнамалық тұрғыдан бекітілмек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу