Өскеменде аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді
Көрісу күні – Амал мерекесінде өңірдің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдері ескерусіз қалмады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сый-құрметке ие болған аға буын өкілінің бірі – жазушы, аудармашы, ғалым Айтмұхамбет Қасымов. Ол Қазақстанның құрметті журналисі, Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. Оның еңбектері жас журналистердің қолынан түспейтін құнды мұраға айналған. Белгілі қаламгерді ҚР еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач құттықтады.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың құрметті профессоры Иван Полтаранинді университеттің басқарма төрағасы-ректоры Мұхтар Төлеген құттықтай барды. Ғалым демографиялық процестерді зерттеуге талай жыл еңбек сіңіріп, қырықтан астам ғылыми мақала жариялаған.
Ғалым Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ақ тілек айта келген қонақтарға ризашылығын білдірді.