KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
481.63 534.46 5.28

Арқалықтағы ағайынға көмек керуені аттанды

15.05.2024, 13:20 204 Ынтымақ Толқын

Шығыс өңірінен Қостанай облысына гуманитарлық көмек жөнелтілді. Көмек керуені бұл аймаққа үш үлкен киіз үй мен гигиеналық заттарды жеткізбек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен облыстарға ел болып көмек көрсетіліп жатыр. Әр өңірден аттанған көмек керуеніне Шығыс жұрты да қосылды. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мұрындық болуымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмек Арқалық қаласына жөнелтілді.

- Су тасқынынан зардап шеккендерге әр өңір қолдан келгенше көмек беруде. Біз де барымызды аямаймыз. Оның үстіне бұл жолғы көмек мақсатты түрде жіберіліп отыр. Арқалық тұрғындарына керекті заттар тізімін алдық. Соған сай барлығын жинауға тырықтсық. Қостанай облысының сұрауымен барлығы 250 адамға шақтап жинадық. Киім-кешек те, гигиеналық заттар да жиналды. Бұл қайырымдылыққа қоғам белсенділері, кәсіпкер әйелдер, ауған соғысының ардагерлері және басқалар атсалысты. Осындай ізгі іс арқылы әйелдер қауымының да ілкімді іс атқара алатынын көрсеттік деп ойлаймын, - дейді комиссия мүшесі Зарина Айдарханқызы.

Қостанай облысына жөнелтілген керуенде су тасқынынан зардап шеккендерге ең қажет деген заттар жиналған. Азық-түліктен бастап киім-кешек, балалардың жөргегіне дейін бар. Сондай-ақ Арқалықтағы ағайынның сұрауымен үш үлкен киіз үй де көлікке тиелді.

– Қарғын судан жапа шеккендерге қол ұшын беру мақсатында бүгінгі қайырымдылық ісіне атсалысуды жөн көрдік. Қазақта «бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз бар. Ауған соғысының ардагерлері де осы қағиданы ұстанып, керек заттар алып, ақшалай да көмек беруде. Су тасқынынан зардап шеккен жұртшылыққа сабырлық, жақсылық тілейміз. Тасқынның беті қайтып, тұрғындар үйлеріне тезірек оралсын, - дейді облыстық «Ауған соғысы ардагерлерінің одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы  Қайрат Мусин.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив