Шығыстың таэквондошылары үш медаль жеңіп алды
Фото: www.gov.kz
Шығысқазақстандық таэквондо өнерінің шеберлері тағы да үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жолы сурдотаэквондошыларымыздың қанжығасы майланды.
Қарағанды қаласында таэквондодан есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен Қазақстан чемпионатына еліміздің түгелдей дерлік облысынан келген саңлақтар қатысты. Арасында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары да болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Екі күнге созылған ел біріншілігінде жерлестеріміз ауыз толтырып айтарлықтай өнер көрсетіп, қоржынға бірнеше жүлде салды. Атап айтсақ, Қарағадыдағы додада 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Расул Ленсов жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Дәл сондай жетістікке 74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ерсiн Амишев те жетті. Тағы бір қола жүлдені Александр Величко еншіледі. Ол салмағы 87 келіге дейінгі спортшылар арасындағы сайысқа қатысқан болатын.
Облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, байрақты бәсекеге спортшыларымызды бапкер Мерхат Болатханов бастап апарған.