Валентина Шершнева: - Ауруды емдеуде адамның мінезі де маңызды
Медицина – адам денсаулығын сақтап және нығайтатын ежелден келе жатқан бірегей сала. Сондықтан болар халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп текке айтпаған. Кәсіби және адамгершілік қасиеттерді ұштастырған дәрігердің моральдік-этикалық кодексі бұрыннан қалыптасқан. Медицинаның атасы Гиппократ: «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолы жұмсақ, жағымды болу керек» деген екен. Осы арқылы ол дәрігерлер қауымының алдына келген науқас жанның тезірек сауығып кетуіне оң әсер ете алатындығын атап өтсе керек.
Катонқарағай ауылында да осындай ізгі қасиеттерді бойына жиған ақ халатты абзал жандар аз емес. Солардың бірі туралы бүгінгі мақаламызда сөз қозғаймыз.
Туған жеріне ту тіккен жан
Валентина Павловна Шершнева 1951 жылы Катонқарағай ауылындағы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері болған, майдан даласында жараланып, бір аяғынан айырылған. Осы жайт, Валентина Павловнаның дәрігерлік жолды өмірлік кәсіп ретінде таңдауына себепкер болса керек.
1969 жылы мектепті бітіре салысымен ол Семейдің медициналық институтына емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға түседі. Валентина Павловнаны дәрігерлік мамандықтың баурап алғаны соншалық өзінің демалыс уақытын да аудандық ауруханада өткізіп, мамандығының қыр-сырына молынан қанығады.
1975 жылы қолына дипломын алған соң жас маман ойланбастан өзінің туған ауданына аттанады. Осы уақыттан бастап Валентина Шершнева аудандық денсаулық сақтау мекемесінде дәрігер-терапевт, кейін тұрғындарды медициналық тексеру жөніндегі бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарады.
Қайта құру жылдарында дәстүрлі шығыс медицинасының әдістері пайда бола бастайды. Жүйрік ой мен кәсіби қызығушылығы Валентина Павловнаны рефлексотерапияның бағыттарының бірі – су-джокты меңгеруге әкеледі. Бұл терапия түрі инемен шаншу арқылы адам ағзасының биологиялық белсенді нүктелеріне әсер етуді көздейді.
Ежелгі шығыс емшілерінің танымынша, адам денесінде көзге көрінбейтін, бірақ сезілетін ци энергиясы жүретін энергетикалық каналдар бар делінеді. Ментальді және физикалық аурулар энергияның қалыпты айналымының бұзылуы арқылы пайда болады. Сондықтан массаж бен ине шаншудың арқасында адам денсаулығы қалпына келеді.
Бұл әдісті оқып-үйрену оңай шаруа болмаса да Валентина Павловна екі мәрте арнайы курстан өтіп, емдеу түрін толықтай меңгеріп шығады.
Жаңа технологияларды жатырқамады
Тоқсаныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында елдегі медицина саласы қарқынды дами бастады. Осы кезеңде аурулардың диагнозын ерте бастан анықтап, оған тиісті ем-дом жазуға жол ашылды. 2003 жылы сол тұстағы «Катонқарағай жол-өндірістік басқармасы» ЖШС-нің басшысы, бүгінде марқұм Темірбек Исабаев Катонқарағай аудандық ауруханасына Жапонияда жасалған су жаңа ультрадыбысты диагностикалық «Алока» аппаратын тарту етеді. Енді осы медициналық құрылғыны меңгеру қажеттілігі туындайды. Дәрігер Шершнева жаңа технологияны игеруге бел буады. Арнайы тағылымдамадан өту үшін ол Өскемендегі бірінші қалалық ауруханаға келіп, білікті маман Н.Захаревичтен тәлім алады. Заманауи медициналық техника кәсіби тұрғыда үнемі дамуды талап етті, сондықтан кейіпкеріміз Алматы, Павлодар, Астана қалаларында және Ресейдің Барнаул қаласында жүйелі түрде кәсібилікті арттыру курстарынан өтіп отырды.
Медицинада «Дұрыс қойылған диагноз – емдеудің сәтті бастамасы» деген ілгеріден келе жатқан қағида бар. УДЗ нәтижелері аурудың шығу себептерін, оны емдеудің әдістері мен жолдарын анықтауда маңызды рөл атқарады. Емхана мамандарымен үнемі тығыз байланыста жұмыс істей жүріп Валентина Павловна әріптестері алдында жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігін көрсете білді. Құрметті зейнет демалысына шыққан соң да кейіпкеріміз мамандығынан қолы үзген жоқ, ол әлі де жерлестеріне қызмет етіп келеді. Өйткені оның қызметіне халықтан сұраныс жоғары.
Анасының ізімен
Валентина Павловна құдай қосқан қосағы Евгений Ивановичпен өмірге үш бала әкеліп, барлығын өсіріп-жеткізді. Үйдің тұңғышы Наталья отбасымен Алматыда тұрады, балаларды дамыту орталығының директоры болып еңбек етеді. Екінші қыз Мария Новосібірде тұрады, мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ұлдары Евгений анасы сияқты дәрігер болуды армандап, Семейдегі медицина университетіне түседі. Жоғары оқу орнын ол наркология мамандығы бойынша аяқтап, қазір Семейдегі емдеу клиникаларының бірінде жұмыс істеп жүр.
– Біздің Катонқарағай киелі өлке ғой. Бұнда адам денсаулығына пайдалы бірегей емдік шөптер көп. Мен үнемі емдік шөптер туралы зерттеп отырамын, оларды жинаймын. Ауруды емдеуде адамның мінезі де маңызды. Жайдары, өмірге құлшынысы зор, мейірімді, шығармашыл адамдар ауруға сирек тап болады, ал тап болған жағдайда тез сауығып шығады.
Мен адамдардың бәріне денсаулық тілеймін. Себебі денсаулық – бұл басты байлығымыз. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер, – дейді ардагер дәрігер Валентина Шершнева.
Архат Таниров
Катонқарағай ауданы.