Тағы бір ШҚО тұрғыны саяжайда есірткі өсірген
Шығыс Қазақстанда саяжайда есірткі өсірген тағы бір тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіп, 34 жастағы тұрғынның саяжайын тінтіген.
«Тінту кезінде жасыл түсті өсімдік тектес зат тәркіленді. Сондай-ақ күдіктінің тұрғылық мекенжайынан бір-бір түп өсімдік отырғызылған үш пластикалық құмыра және салмағы 230 грамнан асатын кептірілген марихуана табылды», - деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Бұған қоса күдіктінің көлігінен қоңыр-жасыл түсті шөп салынған шыны ыдыс табылған. Сараптама қорытындысы мұның құрамында есірткі заттары бар каннабис екенін көрсетті. Салмағы – 1 келіден асады.
«Осы факті бойынша қылмыстық кодекстің 300-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп хабарлады басқарма.